Тәуелсіз еліміздің тарихи шежіресін сақтап, болашақ ұрпақтарға мұра, құнды қазына ретінде табыстайтын мемлекеттік архивтердің маңызы зор. Осы орайда, аудандық мемлекеттік архиві коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өткен шарада Архив ісі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, сала қызметкерлері марапатталды.
Құнды мәліметтерді көздің қарашығындай сақтап, тарихтың бұрмалануына жол бермейтін жандардың мерекесіне орай ұйымдастырылған жиында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай және бірқатар сала мамандары бас қосты. Мемлекеттік архив – ұлт мұрасының алтын ордасы, төл тарихымыздың алтын діңгегі екендігі баршамызға аян. «Тарихыңды білмей – болашағыңды құру мүмкін емес» деген дана халқымыз.
«Ауданымыздағы сан жылдар бойы түзілген тарих парақтарын көзінің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ету жолында қажырлы еңбектеріңіз бен табандылықтарыңыз қашанда құрметке лайықты. Сіздерге бұл айтулы күнде мол табыс, жарқын жетістіктер, еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін», — деп құттықтау тілегін жеткізген Дамира Маратқызы марапаттау рәсіміне көшті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі мен ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін және архившілер күні мерекесіне орай, аудан әкімінің Құрмет грамотасы Д.Тоқтыбаева, А.Абдылдаева, Г.Сүттібаеваға табыс етілді. Сондай-ақ, еліміздің экономикасының даму жолында атқарған еңбегі мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өлшеусіз қызмет қосқаны үшін «AMANAT» партиясы аудандық филиалы төрағасының Құрмет грамотасымен Г.Сатылғанова және Н.Давискиба марапатталды. Сондай-ақ, аудан әкімі Бегзат Болатбековтің өкімі бойынша «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік төсбелгісі Ш.Байниязоваға табысталды.
Шара соңында, мекеме басшысы Қ.Уәлиева еңбектерін елеп, құрмет көрсетіп жатқан аудан әкімшілігіне ризашылығын білдірді.