«Тәні саудың – жаны сау» демей ме, қазақ атамыз. Әрине, денсаулық – басты құндылық. Алайда, кейде сол құндылықтың қадірін білмей, немқұрайлылық танытатынымыз бар. Тәніміз сырқаттанса дереу дәрігерлердің көмегіне жүгінеміз. Дәрігер болу – екінің қолынан келмейтін мамандық. Сол себепті де халық ақ халатты абзал жандарды ерекше құрмет тұтады. Осы орайда, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әңгіме желісі ауданда көптеген жылдар бойы еңбек етіп келген тіс дәрігері Сәуле Мырзабаева жайлы болмақ.
Түймедей ғана тісіңнен кінәрат шығып қақсаса, бұрау салғандай сай-сүйегіңді сырқыратып, зар қаққызатыны белгілі. Осындайда еріксіз тіс дәрігерінен ауырған жаныңызға араша сұрауға тура келеді. Ал мұндай жауапкершілігі мол жұмысты арқалау әркімнің қолынан келе бермесі хақ. Бүгінгі кейіпкеріміз өз ісіне жауапкершілікті ерекше сезінетін кәсіби маман. Бұлай деуге оның емдеу кабинетіне күнделікті ағылып келетін адамдар дәлел.
Стоматолог Сәуле Мырзабаеваның айтуынша, адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың адам өміріне жауапкершілігі, құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керектігі, ақ халатты кір шалдырмау керектігі де бекер айтылмаса керек.
Стоматологияны арман тұтқан Сәуле Мелісқызы 2004 жылы мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне оқуға түсті. Жоғары оқу орнында алты жыл білім алып, «стоматолог» мамандығын игеріп шығады. Алғашқы кезде Алматы қаласында тіс дәрігері болып жұмыс атқарып, біраз тәжірибе жинайды. Ал, 2011 жылы өзінің туған мекені Қордай ауылына келіп, сол уақыттан бері жұмысын жалғастыруда.
— Алғашқы уақытта тәжірибе жинауым қиын болды. Универси-тетті жаңа бітірген жас стомато-логқа сенім білдірушілер аз. Осы ретте, сол жылдары Қордайда беделді әрі тәжірибелі стоматолог Айтолқын Телтайқызының маған көмектескенін атап өткім келеді. Білмегенімді үйретіп, емдеуі қиын науқастарға емшара көрсеткенде жанымда қадағалап тұратын. Осылайша, менің қабылдауыма жазылатын науқастар саны арта бастады, – дейді Сәуле Мырзабаева.
Науқастармен жұмыс істегенде неше түрлі жағдайлар орын алады. Жоғарыда айтып кеткендей, дәрігер – адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты болуы керек. Сәуле Мелісқызы да осыны жиі айтады. Сонымен қатар, оның сөзінше стоматолог психологиялық көмек те көрсетеді. Кез-келген адамның тіс дәрігерінен қорқақтайтыны бар. Бұл бала кезден жадыда сақталып қалған әдет. Емшараны жақсы орындау үшін науқасты әңгімеге тартып, оның жайлы сезінуіне жағдай жасау қажет.
— Менің жұмысымның қызық тұсы – көптеген адамдарды жеке тануым. Олар стоматологиялық креслода еркін отыру үшін сұхбаттасу қажет. Неше түрлі адам, неше түрлі тағдыр. Сол себепті адамдарды жақсы танитын болдым, – дейді тіс дәрігері.
Сәуле Мырзабаева жалпы 12 жыл тәжірибесі бар білікті маман. Алайда, ол бір орында тұрмай, өз біліктілігін арттырғысы келеді.
— Қазір мен тек терапиямен, яғни емдеумен айналысамын. Бірақ мақсатым мұнымен қоса ортапедия, имплантацияны жетік меңгеріп, шетелде тағы оқып, білімімді шыңдасам, деймін. Бір сөзбен айтқанда жан-жақты, универсалды стоматолог болғым келеді, – деп арманымен бөлісті ол.
Сәуле Мелісқызы 2014 жылы тұрмыс құрып, екі баланың анасы атанды. Бүгінгі күнде ол «Виктория плюс» медициналық орталығында жұмыс істейді. «Дәрігер болу бала кезімдегі арманым», деген Сәуле Мелісқызының халық арасында беделі жоғары. Оны қордайлықтар өз ісін адал атқаратын кәсіби маман ретінде таниды. Ем іздеген жандарға көмегін аямайтын Сәуле Мырзабаеваны 8-наурыз мерекесімен құттықтап, ісіне табыс, отбасына амандық тілейміз!
Еркін ҚАТБЕКОВ