Қуаңшылық пен суармалы суға байланысты аудандағы бүгінгі ахуал баршаға белгілі. Алқаптарға су сұраған шаруалармен аудан басшылығы осыған дейін бірнеше мәрте кездескен де болатын. Барлық мәселе назарға алынған. Аталмыш проблемаға байланысты 18 шілде күні ауданымызға ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес Жамбыл облысын сумен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы келді.
Құрамына Ауыл шаруашылығы министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының өкілдері және тағы да басқа аталмыш проблема аясында жұмылдырылған азаматтар кірген. Жұмысшы топ мүшелері аудан әкімі Бегзат Болатбековпен бірге суармалы судың аздығынан зардап шегіп отырған Сарыбұлақ, Қайнар және Беріктас, Бетқайнар ауылдарындағы шаруалардың алқаптарында болып, жағдайды көзбен көрді.
Ал, келесі күні жұмысшы топ мүшелері аудан әкімдігінде арнайы жиын өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек төрағалық етіп, қазіргі таңдағы ахуал турасында және алдағы жоспарлар жайында мәлім етті.
-Қырғыз елімен келіссөздер жүргіздік. Қазір ондағы жағдай да мәз емес. Қордай ауданына келетін «Ортотоқой» су қоймасында су деңгейі тым төмендеп кеткен. Алдағы уақытта су көлемі төмендемесе артпайды. Осының барлығын ескеруіміз қажет. Осының салдарынан күйіп кеткен алқаптары бар шаруалардың шығыны өтелетін болады. Ол бойынша жұмыстар жүргіземіз, — деді облыс әкімінің орынбасары.
-Қордай ауданында қуаңшылық пен суармалы су бойынша орын алған мәселеге байланысты жеке жағдаймен танысуға келген азаматтарға үлкен алғысымызды білдіреміз. Аудандағы көптеген жандардың басты табысы осы диқаншылық. Қазіргі таңда басты мәселе – сол зардап шеккен шаруаларға қолдау көрсету. Осы бойынша сіздерге ұсыныстарымызды жеткізетін боламыз. Сондай-ақ, суармалы сумен тікелей айналысатын мамандардың тапшылығы, аудандағы каналдардың жағдайы шұғыл шешімдер қабылдауды талап етіп отыр. Бұл сұрақтар бойынша да ұсыныстар мен сұраныстар жолдайтын боламыз, — деді жиын барысында аудан әкімі Бегзат Болатбеков.
Кездесуден кейін ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері үш топқа бөлініп, құрғақшылық қысқан ауылдарды аралап, шаруалармен кездесті.
Енді мамандар аталмыш жайды саралап, бір шешімге келетін болады. Ең бастысы аудан шаруаларының жайы министрлік пен су ресурстары комитеттеріне етене таныс. Аудандық фермерлер мен диқандар мәселесі жоғары дәрежеде бір шешімін табады деп сенеміз.
Ж.ОМАРОВ