АРТИЛЛЕРИСТЕР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

0

Үш жүзден астам артиллерист Отанына адал болуға ант беріп, толыққанды Отан қорғаушы қатарына енді.

Азаматтық парызын орындауға келген сарбаздар еліміздің барлық аймақтары мен қалаларынан іріктелді. Бір айлық қызмет барысында сарбаздар жас жауынгер курсын оқып, жалпыәскери жарғыларды, қарудың тактикалық-техникалық сипаттамаларын үйренді, саптық, атыс және дене шынықтыру дайындығынан өтті.

«Әр әскери қызметшінің өміріндегі салтанатты сәт Отан алдында адал болуға ант беру. Ер жігіттің өмірінде бір-ақ рет қайталанар ант қабылдау рәсімі әскери дәстүрлердің ішіндегі ерекшесі болып саналады. Осыдан кейін шақырылушылар ел қорғау жолындағы барлық жауапкершілікті мойнына алып, нағыз жауынгер болады. Қарулы күштеріміздің әскери бөлімдерінде мерзімді қызмет атқару барысында жас сарбаздар тәжірибелі нұсқаушылық құрамның жетекшілігімен әскери іске үйренеді, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді. Мерзімді әскери қызметін өтегеннен кейін әрі қарай өз еріктерімен қызметін келісімшарт негізінде жалғастыра алады» — деп атап өтті 82796 әскери бөлімінің командирі подполковник Даулет Жорғатаев.

Барлық жауынгерлер ант бергеннен кейін Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқап, салтанатты маршпен жүріп өтті. Сол сәттен бастап, олар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына қосылды.

«Бүгін менің бала кезден қалаған арманым орындалды. Әр ер жігіт Отан алдындағы парызын өтеу керек. Әскерді нағыз ер жігітті шындайтын орта деп білемін, сондықтан маған тапсырылған сынақтарға дайынмын», — дейді жас сарбаз Алмат Дадаев.

Бұл салтанатты ант беру рәсімі сарбаздардың жадында мәңгі қалады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.