АРУЛАР АСЫЛ ЖАНДАР

0

Қордай ауданындағы Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында дәстүрлі «Күз ханшайымы – 2025» байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ерекше күтімді қажет ететін қыз балалардың қатысуымен өткен мерекелік кеш көңіл-күйге толы сән-салтанатымен ерекшеленді.

Сарай іспетті безендірілген сахнада кеш шымылдығы ханшайымның жарлығын оқу рәсімімен ашылып, қатысушылар ертегілер әлеміне енгендей әсер алды. Музыка ойналып, Күз ханшайымының биі кешті әрлендіріп, көрермендерді ерекше рухқа бөледі.

Күз ханшайымы көпшілікке жылы лебізін білдіріп, жаңа 2026 жылдың ханшайымын анықтау мақсатында байқау басталғанын хабарлады. Сахна төрінде Орман, Аң, Құс және Сиқыршылар елінен келген арулар өздерін таныстырып, өнерлерін паш етті. Әр ару өз бейнесін ерекше талғаммен жеткізіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Байқау қорытындысы бойынша «Сиқыршылар елінің» сымбатты аруы Аяжан – I орын, «Ертегілер елінен» келген Жібек – II орын, «Орман патшалығының» өнерлі сұлуы Дильназ – III орын иегері атанды. Ал, ең басты жүлде – «Күз ханшайымы» атағы «Құс патшалығынан» келген Дильбараға бұйырды.

Сайыс барысында қатысушылар өзін-өзі таныстыру, өнер көрсету және сән үлгісін ұсыну кезеңдерінен өтті. Әділқазылар алқасы қыздардың сахна мәдениетін, өнер көрсету шеберлігін және бейнені ашудағы креативтілігін ескере отырып, жеңімпаздарды анықтады.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табысталды. Кеш балалар мен ата-аналарға ерекше қуаныш сыйлап, қыздардың бойындағы өз-өзіне деген сенімділікті арттыруға, ортада еркін сөйлей білу және өзін ұстай білу дағдыларын дамытуға ықпал етті.

Н.ЖАМАНКУЛОВА, орталық әдіскері

Leave A Reply

Your email address will not be published.