Халқымыз үшін нан тағамының қасиеті бөлек. Өйткені, «Ас атасы – нан» деп нақыл сөз қалдырған қазақ ертеден-ақ осы өнімге құрмет көрсетіп, қиқымын да шашпайтын болған. Тиісінше бұл дәстүр ата-бабадан балаға жетіп, әлі күнге дейін сол қалпымыздан танбай келеміз. Тіпті, қазір Қазақстан Республикасының халқы 16 қазан күнін «Нан күні» ретінде атап өтеді.
БҰҰ 2017 жылдың 16 қазан күнін Дүниежүзілік нан күні ретінде тіркеу туралы шешім шығарған. Нан — үйдегі молшылық пен жақсылықтың нышаны. Қиын-қыстау, соғыс, зобалаң кезеңдерде талай адам бір үзіммен амалдап, жан баққаны туралы тарихи деректер де аз емес.
Нан күні астық және ұн өнімдерінің құрметін арттырып, қазақстандық диқандардың, ұн тартушылар мен наубайханалардың еңбегін бағалау үшін арнайы белгіленді.
Аталған мейрамның тарихына тереңдейтін болсақ, Дүниежүзілік нан күні 17 жылдан бері қоғамдық маңызға ие болып келе жатыр. Сәйкесінше, бұл мерекеде әлем халықтары түрлі нан өнімдерінің көрмелерін жасақтап, аспаздардың, наубайханалардың және кондитерлердің шеберлік сабақтары өткізіледі. Сонымен бірге, нан өнімдерінің жәрмеңкесі, ұйымдастырылып, мұқтаж азаматтарға тегін үлестіру сынды науқандар жүргізіледі. Одан бөлек, мерекелік жиындарға келген жұртшылық нанның түрлі сұрыптары мен түрлерінен дәм татып, ас атасының пайда болуы жайлы ақпараттарға қанығып жатады. Ал, Қазақстан Республикасында бұл мереке алғаш рет 2019 жылы аталып өткен. Дәлірек айтсақ, 2019 жылдың 16 қыркүйегінде ел Үкіметінің қаулысымен осы мереке бекітілген еді. Осы ретте, сол кезде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері тұңғыш рет нан өндіретін кәсіпорындарға барып, осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсеткен болатын. Биыл да аталмыш ведомство нан өнімдерімен айналысатын еңбеккерлерді мерекемен құттықтап, Үкіметтің қаулысымен бекітілген бұл мейрам астықтан жасалатын өнімдердің дәрежесін көтеруге бағытталғанын айтты. Оған қоса бұл мейрам осы бір қастерлі тағамды дайындауға атсалысатын шаруалар, ұн үлестірушілер мен наубайлардың кәсіби мерекесі екендігін мәлім етті. Министрліктің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, бұл бағытта қызмет атқаратын адамдар әрдайым астыққа ие әрі азық-түлік айналымының маңызды бір бөлігі болып келе жатыр. Нан – халықтың ең маңызды және сүйікті тағамы. Барлық халықтарда нан ерекше құрметке ие және дастарханның мәні мен сәні. Ал Қазақстан үшін нан – экспорттың негізгі бөлігі. Нан күні астық және ұн өнімдерінің құрметін арттырып, қазақстандық диқандардың, ұн тартушылар мен наубайханалардың еңбегін елеу үшін арнайы белгіленді.
Бұрын ауылдағылар дүкеннен нан сатып алмайтын. Әр отбасында ақ жаулықты аналар бірі тандырға, енді бірі табаға салып, ас атасы – нанды өздері жабатын. Кейінірек оған заманауи дерлік қысқа толқынды пештерде пісіретіндер қосылды. Бүгінде нанды және нан өнімдерін дүкеннен сатып алатындардың қатары қалыңдай түскен. Оның себебі де көп. Соның бірі – сапасы, яғни ерекше дәмінде болса керек. Мысалы, Сарыбұлақ ауылының тұрғындары Шалқар Рзахметова пісірген нанды тұтынады, той-жиын өткізетіндері де соған тапсырыс береді.
Көршілес ауылдардан келіп тапсырыс берушілер де, тұрақты тұтынушылары да көп. Жұрт сүйсіне жейтін нан пісірудің сырын да сұрағанбыз Шалқар анадан.
«Нанды қолмен ашытамын, барлық жұмысты қолмен істеймін. Ауылдағылардың көбісі: «Сенің қолыңнан шыққан нан тәтті болады», деп шабыттандырып қояды. Әрине, өзің сүйген іске ынта-шынтаңмен кіріссең, сүйіспеншілікпен беріле атқарсаң, оң нәтиже болады. Әрбір істе адалдықтың алар орны ерекше, нан жапқанда, нан-тоқаш өнімдерін пісіргенде адал ас деген дініміз бен діліміздегі киелі ұғым санамда сайрап тұрады. Еңбегіме берілген баға да ынталандырады, жауапкершілікті сездіреді», – дейді Шалқар Қыспақпайқызы.
Жұрт айтқан жақсы лебізге балаша қуанатын кейіпкеріміздің ауылдастары кеңпейіл, елгезек, ашық-жарқын ана деп таниды. 53 жастағы Шалқар Қыспақпайқызының кішігірім наубайхана ашып, тандыр нан пісіріп бастағалы бір жылдан асты. 2023 жылдың мамыр айында ол кішкентай көлемде жерді жалға алып, оған контейнер қойып, тандыр пеш салып, нан пісіруге жағдайдың бәрін жасады.
Айта кетейік, Шалқар Рзахметова көпбалалы ана – бес қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Жолдасы екінші топ мүгедегі болып, ауру салдарынан қызмет ете алмағандықтан, әрине, ауыр салмақтың бәрі әйелге түсіп отыр. Алайда, жүзінен күлкі кетпейтін батыр ананың уайымдауға да уақыты мүлдем жоқ. Үлкен үш қызы тұрмысқа шығып, өз шаңырақтарын көтерген, 25 жастағы ұлы Алматы қаласында қызмет атқаруда. Ал мектеп жасындағы Жаннұр және Балнұр атты қыздары сабақтан соң аналарына наубайханада қолғабыс болуда.
«Ауылымыз аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан, сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түседі. Халықтың арқасында табыс тауып отырған соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын», — дейді кәсіпкер.
Қазір кәсіпкер өнімін той жасаймыз деген тапсырыс берген адамдарға пісіріп, өткізеді. Наубайханасына көгілдір отын өткізіп, тандыр пешін де жағып, контейнердің ішін де сонымен жылытып отыр. Осылайша, көпбалалы ана отбасылық кәсіпті дамытып, дәмді өнімдерін аудан нарығына шығарып, ел алғысын алып отыр.
«Мен үкіметтен 2,5 пайыздық несие аламын деп үміттенгем. Алайда, өкінішке орай, одан ештеңе шықпады. Нан ашуға қажетті жабдықтар алсам деймін. Әрине, алдағы уақытқа жоспар көп. Халқымыз «Ас атасы – нан» дейді. Нанды қастерлеп, қадір тұтқан. Бала кезден ата-аналарымыз нанды қадірлеуді, аяқасты етпеуді үйреткен. Үйге асығып тұрған кісі келсе, «Ең болмаса, наннан ауыз тиіңіз» дейміз. Бұл – нанның құдіретті ас екенінің белгісі. Нанмен жұмыс істеуде адалдық қажет. Сол адалдықпен, барлық мақсатыма жетіп, дастарқанымыздан нан үзілмесін деген ниетпен баста¬ған наубайхана кәсібімді дамытамын деп ойлаймын. Қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлерді қолдау бағытында жақсы жұмыстар атқарылып, бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Мұның шарапаты тек кәсіпкерге ғана емес, ауылды жерлердегі жұмыссыздарға да тиіп отыр. Жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір жолы – кәсіпкерлерді қолдау. Себебі адамдарды жұмыспен қамтитындар сол – кәсіпкерлер. Жөнін тапсаң, жұмыстың жаманы жоқ. Еңбек еткенге бақыт та басын иеді. Әлем тек еңбекпен ғана жасарып, жаңарады», – дейді Шалқар Қыспақпайқызы.
Барлық нан пісіру кәсіпорындарын Нан күні мерекесімен құттықтап, дәмді де тәтті әрі пайдалы нан пісіріп отырған барша наубайшыларға ерекше құрмет білдіреміз. Елімізге амандық, халқымызға тыныштық тілейміз. Лайым нан көп болып, әрдайым тоқшылық заман болсын!
Мадина УЗБЕКОВА