АШЫҚ ДИАЛОГ – ЖАҢА САЯСИ МӘДЕНИЕТ

0

Қазақстанда азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімі мен қатынасы жыл өткен сайын өзгеріп отырады. Бұл әсіресе жергілікті басқару органдарының тұрғындармен тікелей байланыс орнатуында айқын көрінеді. Әкімдер тарапынан ұйымдастырылған тұрғындарды қабылдау – бұл мемлекеттік биліктің халыққа жақын болуына ықпал ететін маңызды құралдардың бірі.

Осы орайда, аудан әкімі тұрақты түрде тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап тұрады. Сәрсенбі күні кезекті қоғамдық қабылдау өтіп, бұл жолғы іс-шарада қордайлықтарды аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов қабылдады. Қабылдауға алдын ала 13 азамат жазылса, 1 азамат іс-шара барысында келіп, аудан әкімінің орынбасарына өз сұрағын қойды. Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар көбінесе әртүрлі мәселелерді көтерді: әлеуметтік көмек, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, тұрғын үй жағдайлары және тағы басқа. Бақыт Оңласынұлы әр азаматтың көкейінде жүрген сауалын тыңдап, жекелей жауап беріп, заң аясын да түсіндірді. Сонымен қатар, жауапты тұлғаларға жеке мәселесімен қайырылған тұрғындарға көмектесу бойынша тапсырмалар жүктеді.

Қазіргі таңда аудан әкімдерінің тұрғындарды қабылдауы — елдегі саяси мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететін маңызды үрдіс. Бұл жергілікті басқарудың ашықтығын, тұрғындармен қарым-қатынастың жоғары деңгейін білдіреді. Әкімдердің халықпен диалогы, өз кезегінде, қоғамдағы сенім мен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда әрбір әкімнің басты міндеті — тек басқару ғана емес, халықтың сеніміне ие болу және олардың проблемаларына нақты шешімдер ұсыну. Осылайша, жергілікті басқару органдарының ашықтығы мен халықпен тығыз байланысы Қазақстанның саяси дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.