АШЫҚ ЕСІК КҮНІНДЕ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕРГЕ 4000-НАН АСТАМ АДАМ КЕЛДІ

0

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың бұйрығымен ұйымдастырылған бірыңғай Ашық есік күні аясында сарбаздардың 4000-нан астам туған-туысы әскери бөлімдерге жиналды.

Қонақтарға қару-жарақ пен әскери техника көрмелері ұйымдастырылды. Ата-аналар ұлдарының қызмет барысында нені меңгергенін өз көздерімен көрді. Сап және оқу-жаттығу алаңдарында сарбаздар қарумен саптық тәсілдерді, қоян-қолтық ұрыс элементтерін және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау шеберлігін көрсетті.

Келушілерге тәрбие жұмысын ұйымдастыру және әскери тәртіпті сақтау бойынша қорғаныс ведомствосы тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар қаруды қолдану, сабақтар мен жаттығулар өткізу кезіндегі қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілетіні егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Қорғаныс ведомствосының бұл бастамасы мерзімді әскери қызметшілердің туған-туыстарына жауынгерлік дайындықтың ұйымдастырылуымен, қызмет және әскери тұрмыс жағдайларымен танысуға мүмкіндік берді. Қонақтар казармаларды аралап, жатын бөлмелер мен тұрмыстық аймақтарды көрді.

Асханаларда олар сарбаздарды тамақтандыру қалай ұйымдастырылғанын көріп, тағам рационының тәртібі мен алуан түрлілігін бағалады. Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – бірлескен түскі ас болды. Қарапайым өтсе де, мағынасы айрықша бұл кездесу ата-аналарға ерекше әсер етті. Кеше ғана жасөспірім болған ұлдары сенімді, тәртіпті, бір-біріне қолдау көрсетуге дайын нағыз ер-азаматтарға айналған.

Әскери бөлімдерге келген жас қонақтарды да ерекше атап өткен жөн. Олар сарбаз қызметіндегі ағаларына сүйсіне қарайды. Тараз қаласынан келген он жастағы Алена «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты байланыс полкінде қызмет ететін ағасы Владимир Романовта қонақта болды. Әскери бөлімге жасалған бұл сапар мектеп оқушысына өшпес әсер қалдырып, ағасына деген мақтаныш сезімін оятқаны сөзсіз.

Гвардейск гарнизонындағы танк бригадасының барлау батальонында қызмет ететін Айбар Калифановтың үш жасар інісі Әміре ағасының қолынан түскен жоқ. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын әскери дәстүр дәл осылай қалыптасады.

Елордадағы бригададаға Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Қостанай және Астана қалаларынан барлығы 170-тен астам ата-ана жиналды. Олар тирді, спорт залын, кітапхананы аралап, жауынгерлер жаттығатын тактикалық алаңда болды.

Қатардағы жауынгер Диас Базкеновтің әкесі Асхат пен оның туған ағасы Сәбит Базкенов Қарағанды қаласынан арнайы келген. Жауынгерлік жарыстың жеңімпазы атанған Диас Базкеновтің суреті бөлімшенің құрмет тақтасына ілінген.

Сәбит Базкеновтің өзі кезінде Тәжік-Ауған шекарасында әскери борышын өтеген. Ол қазіргі әскердің жағдайын көріп, ерекше әсер алғанын айтты.

– Мен өзім Тәжік-Ауған шекарасында қызмет атқардым. Ол кездің қиындығы аз болған жоқ. Бүгінгі жастардың әскери борышын абыроймен өтеп жүргенін көріп, көңілім марқайды. Диас сияқты тәртіпті, намысты ұлдар елдің қорғаны болары сөзсіз. Жастарға айтарым – Отан алдындағы борышты адал атқарып, әскери тәртіпке әрдайым берік болсын, – деді ол.

Сондай-ақ Сәбит Базкенов әскери бөлім басшылығына да ризашылығын білдірді.

– Баламыздың қызмет ету жағдайын өз көзімізбен көрдік. Барлық қажетті жағдай жасалған, тәртіп пен талап бар. Әскери бөлім қолбасшылығына алғысымды айтамын, – деп түйіндеді ол.

Ал Ақтау гарнизонының әскери бөлімдері 400-ден астам қонақты қабылдады. Әскери-теңіз күштерінің әртекті кемелер дивизионында ата-аналар теңіз қызметінің атмосферасына қанықты. Олар матростардың тұрмысымен танысып, кают-компаниялар мен камбузды аралады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.