АШЫҚТЫҚ ПЕН ӘДІЛДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖОЛЫНДА

0

Қазіргі таңда қоғамның негізгі талаптарының бірі – әділдік пен ашықтық. Осы орайда Қордай ауданы әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асырып келеді.

Сыбайлас жемқорлық – қоғамдық даму мен мемлекет институттарының тұрақтылығына елеулі қауіп төндіретін фактор болып табылады. Осыған орай, Қордай ауданы әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын кешенді әрі жүйелі түрде жүргізуде. Аудан әкімдігінің қаулысымен «Қордай ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі» ведомстволық комиссия құрылып, оның жұмыс ережесі бекітілді. Комиссия отырыстары тұрақты негізде өткізіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар мен ұсынымдар талқылануда.

Биылғы жылы аудандық әлеуметтік тапсырыс аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізуге 1,5 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Бұл қаражат халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында жұмсалатын болады.

Сондай-ақ, өткен жылы аудан аумағында төрт мекемеде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіліп, оның қорытындылары «Easy Project» кросс-платформасына енгізілді. Биылғы жылы бұл тәжірибе жалғасын тауып, 19 ауылдық округ және 11 бөлімде ішкі талдау жүргізу жоспарлануда. Ішкі талдау нәтижелері тоқсан сайын «Битрикс» платформасында жарияланып, ашықтық қамтамасыз етіледі.

Аудан әкімдігіне қарасты барлық бюджеттік мекемелердің 2025 жылға арналған бюджеттік жоспарлары мен оған енгізілген өзгерістер «Ашық бюджеттердің интерактивтік картасы» порталына орналастырылды.

Бұл шара азаматтарға бюджеттік қаражаттардың жұмсалуына бақылау жүргізу мүмкіндігін береді және барлық өзгерістер бойынша толық әрі уақтылы ақпарат алуына мүмкіндік жасайды.

Қордай ауданы әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады. Бұл бағыттағы басты мақсат – халықтың сенімін сақтау, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету.

Бегзат БОЛАТБЕКОВ, Қордай ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.