Қордайда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Астана қаласында өтетін республикалық салтанатты іс-шараға тыл ардагері Тұрғымбай Чонатаевты ресми түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар, әскери қызметшілер мен тұрғындар қатысты. Өз сөзінде Дамира Маратқызы тыл ардагерінің қажырлы еңбегін атап өтті.
– Сіздер майдан даласында болмасаңыздар да, ел ішінде сол майданға берілетін азық-түлік пен киім-кешекті, бар қажыр-қайратты сарп етіп еңбек еттіңіздер. Сіздердің сол еңбектеріңіздің арқасында Жеңіс күнін жақындатуға мол еңбек сіңірдіңіздер. Бұл сапар — мемлекеттің ардагерлерге деген айрықша ықыласы мен құрметінің айғағы, – деді жиналған қауым.
Тұрғымбай ақсақал өзінің жүрекжарды алғысын айтып, бүгінгі тәуелсіз елдің жастарына амандық, бейбіт өмір тілеп батасын берді.
Аталған сапар — ардагерлеріміздің ерлігі мен ерен еңбегіне көрсетілген мемлекеттік деңгейдегі тағзымның нақты көрінісі. Астана төрінде өтетін мерекелік іс-шарада қордайлық өкілдің қатысуы — бүкіл аудан үшін үлкен мәртебе екені анық.
Еске сала кетсек, Астанада Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған әскери парад болады. Бұл шара 2025 жылдың басты оқиғаларының бірі болмақ. Мерекелік шеру 7 мамырда Астанадағы Тәуелсіздік алаңында өтеді.
Фариза ҚОРАБАЙ