Астана – еліміздің жүрегі, әлем таныған жас қала. Биыл елордаға – 26 жыл. Адам жасымен қарастырғанда 26 жас деген нағыз жігіттік шақ. Бұл жастағылар тың бастамалар көтеріп, жаңа бағытты ұсынатын, сын сағатта адаспай жол табатын батыр да батыл дамушы тұлғалар. Сол секілді тәуелсіз елімізбен қатар көркейіп, өсіп келе жатқан бас қаланың да бағындырар биігі көп, келешегі кемел боларына сеніміміз мол.
Ал сіз Астана қаласында Қордай көшесі барын білесіз бе? Ұзындығы 2641,9 шақырымды құрайтын Қордай көшесі елорданың оң жағалауында Алматы ауданында орналасқан. Бауыржан Момышұлы даңғылынан басталып, Сұлутөбе, Талғар, Обаған, Жанкент, Балқантау, Таскескен, Құмкент, Айнакөл көшелерімен қиылысып жатыр. Көше атауына байланысты ақпарат алу мақсатымен Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Ономастика және әдістемелік жұмыстар бөліміне хабарластық. Бөлім мамандарының берген мәліметіне сәйкес, бұрынғы атауы №28 көше болған. 2007 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен және қалалық мәслихаттың шешімімен бұл көшеге «Қордай» деген атау берілген. Көшенің жаңа атауын нақты бір азаматтар ұсынбаған. Астана еліміздің бас қаласы болғандықтан, онда Қазақстанның мәдени, тарихи, географиялық дидарын беретіндей атаулар болуы қажет. Қалалық ономастика комиссиясы осыны басшылыққа ала отырып, көптеген көшелерге еліміздегі жер-су атауларын беруді дұрыс деп тауыпты. Қордай көшесінен бөлек, Астана қаласында Тараз, Меркі көшелері де бар екен.
Сонымен бас қаладағы Қордай көшесін өз көзімізбен көрейік деп шештік. Көшеге бұрыла бере құдды Қордай ауданына тап болғандай күй кештік. Өзге көшелердегідей емес, мұнда дәл біздегідей жайқалған жасыл желек көп, ал кәсіпкерлік нысандарының атаулары өз алдына бөлек әңгіме. Мұнда келсеңіз «Алға» азық-түлік дүкенін, «Қордай» көлік жуу орнын көресіз. Атауы көзімізге оттай басылған нысандардың бірі – «Була из Жамбыла» кәуапханасы болды. Қордай көшесінің бойында орналасқан дәмханадан қордайлық бойжеткенмен де таныстық. Аружан Серік – Өтеген ауылының тумасы болып шықты. Астанаға екі жыл бұрын келіпті. Қазір осы дәмханада әкімші болып жұмыс істеп жүр. Бізге нысанның атауы қызық болып Аружаннан сол жайында сұрадық. Дәмхананың басшысы Болат Жамбылдың жігіті (Тараз қаласынан) болғандықтан, көп ойланбастан осылай атапты. Қордайлық ару туған ауылын сағынатынын жасырмады. «Астана – жастардың, жарқын болашақтың қаласы. Мұнда ізденімпаз жандарға мүмкіндік көп. Сондықтан, елорданы жақсы көремін. Дегенмен, кез келген адам сияқты туған жерімді сағынамын. Мен үшін Қордайдың орны әрқашан бөлек», — дейді Аружан Сайлауқызы.
Осылайша біздің Қордай көшесіне сапарымыз аяқталды. Бұл көше бас қалада тұрып жатқан жерлестеріміз үшін туған өлкеге деген сағыныштарын сәл де болса басуға мүмкіндік болатын орын екен, деген ой түйдік.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ