Қазіргі таңда жылдам дайындалатын тағамдар мен дайын өнімдер үлкен сұранысқа ие. Бұл бір жағынан көпшілік үшін уақытты үнемдеудің жолы болса, екіншіден тойымды әрі пайдалы ас ішу – денсаулықтың кепілі. Осы ретте, Кенен ауылының тұрғыны Гүлнұр Саябаева — тағы бір жаңа кәсіп түрін қолға алған кәсіпкерлердің бірі. Олар үйде самса, бәліштер және қамырдағы шұжықтар пісіріп, сатады. Бұл жұмысбасты жандар мен тосыннан келген қонақты риза етіп күтіп алу кезінде де қыз-келіншектерге ұтымды.
Гүлнұр Тілеубердіқызы жаңа кәсіп түріне кірісуіне қазіргі заман ағымы ықпал еткенін айтады. Гүлнұр – көпбалалы ана. Оның өмірі — қамқорлықтың, сүйіспеншіліктің және жаңа піскен қамырдың дәмінің үздіксіз ағыны. Ал кейіпкеріміздің бизнес тарихы ас үйде басталды. Көпбалалы үй иесінің отбасы үшін пісірген нан өнімдері тек жұбайы мен балаларына ғана емес, ауыл тұрғындарына да ұнады. Гүлнұр Саябаева самсаларды, бәліштерді, қамырдағы шұжықтарды және басқа да кондитерлік өнімдерді пісіріп, сата бастайды. Кейінірек жұбайы оған «Бастау Бизнес» жобасына қатысуды және сүйікті ісін бизнеске айналдыруды ұсынады.
Жақында Гүлнұрдың жұбайы Дәулет Орынтаев өзінің жеке наубайханасын ашу туралы көптен бергі арманын жүзеге асыруға көмектескен өтеусіз грант алды.
Шілде айында түскен 1 млн. 400 мың 800 тенгеге Гүльнұр Тілеубердіқызы бірден Алматы қаласына барып, үлкен тоңазытқыш, мұздатқыш, пісіретін пеш, микротолқынды пеш, планетарлық араластырғыш және газ плитасын сатып алды. Енді ол ас үй жиынтығы мен басқа да керек заттарды сатып алып, ас үй бөлмесін кәсібін ары қарай дамытуға ыңғайлатайын деп жоспарлап отыр. Күнделікті оның қолынан керемет тағамдардың түрлері шығады: тіл үйіретін самса, аса дәмді бәліштер мен қамырдағы шұжықтар көпшіліктің арманы.
«Менің тұтынушыларым – ауыл адамдары. Сұранысқа сай тапсырыстарды уақытылы орындап, тұрғындардың алғысын алғанымда төбем көкке жетеді. Адамдарға қуаныш сыйлау, ақ батасын алу – үлкен бақыт. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы арқылы қайтарымсыз алған несиеге тағы да біраз заттар алуды жоспарлап отырмын. Ол үшін әрине, уақыт пен көп еңбек қажет», – дейді көпбалалы ана.
Енді Кенен ауылының тұрғындары дәмі тіл үйіретін самсы мен бәліш іздесе, Гүлнұр Саябаеваға тапсырыс беретін немесе үйіне баратын болады.
Алайда, наубайхана — тек табыс көзі ғана емес. Сонымен қатар, Гүлнұрдың өзінің шығармашылық әлеуетін іске асырып, адамдармен ортақ тіл табу, ал ең бастысы, балаларына үлгі болу мүмкіндігі. Ол балаларын ештеңеден қорықпай, армандауға, еңбектенуге және өз-өзіне сенуге үйретеді.
«Менің балаларым да пісіріп үйренсін, ниеттенсін деймін. Үлкен ұлым Ерасыл қазіргі таңда Алматыда аспазға оқып, үйреніп жүр, 2-ші курсты бітті», – дейді кәсіпкер.
Одан басқа, Г.Саябаеваның тағы да бір кәсібі бар. Өздері атағандай, «Көшпелі аспаз». Егер тапсырыс берушілердің 40 адамға дейін банкеттері болатын болса, олар Гүлнұрге тікелей жолыға алады. Ол үшін келіншек арнайы үстел, орындықтар және керекті ыдыс-аяқтар сатып алып, өзімен бірге тапсырыс берушілерге алып барады. Ал тамақтардан бір ыстық тамақ, өзінің жасаған тағамдарын, тәттілерді және тағы басқа дастарханға қажетті тағамдарды әзірлейді. Гүлнұр Тілеубердіқызың өзі аспаз, қызы даяшы, ал үшінші адам ыдыстарды жуып, тамақты пісіруге көмектеседі.
Әр нәрсені жасау үшін адамның бойында сол іске қабілет болу керек деген түсінік бар. Гүлнұрдың ойынша, жалпы ас дайындау үшін асқан дарынның, не қабілеттің қажеті жоқ.
«Ең басты нәрсе — алдыңа қойған мақсатқа апаратын талпыныс пен ынта. Бойыңды жалқаулық алса, “қабілетім жоқ”, “қолымнан келмейді” деген сылтаулар пайда болады. Тамақ пісіруден осал қыздардың көпшілігінің қателігі де осында», — дей дейді кейіпкеріміз.
Ал, Гүлнұрдың тағамдарынан бір рет дәм татқан адам оның тұрақты тұтынушысы болатынына сеніміміз мол. Себебі өз ісінің шебері әрбір өнімді ерекше ынтамен дайындайды.
Біз де өз тарапымыздан отбасылық бизнесін бастаған Гүлнұр мен Дәулетке кәсіптеріне береке тілейміз.
Мадина УЗБЕКОВА