«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген бар. Еліміздің аймақтарында әкімді халқына жақындастыратын саяси науқандардың бірі, әкімдердің халық алдында есеп беру шарасы жалғасуда. Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков Қарасу, Өтеген елдімекенінің тұрғындары алдында өткен жылдың жүзеге асырылған жұмыстары туралы есеп беріп, биылғы жоспарларын ортаға салды.
Билік пен халық арасындағы конструктивті диалог орнату, барынша ашық және есепті мемлекет қалыптастыруға бағытталған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде сәтті жүзеге асырылуда. Маңызды кездесуде өткен жылы шешімін тапқан мәселелерді түгендеп, атқарылған жұмыстарды баян ету және алдағы жоспармен таныстыру үшін сөз кезегі округ әкімі Жанияз Әлханға ұсынылды.
«Өткен жылы Қарасу ауылдық округінде бірқатар жұмыстар атқарылды. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында округте 134 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 5 азамат жастар тәжірибесінен өтті. Әлеуметтік сала және қайырымдылық көмектер бойынша атаулы әлеуметтік көмекке қайырылған 5 отбасына оның ішінде 24 адамға әлеуметтік көмек тағайындалды. Өмірлік қиын жағдайға ұшыраған 170 адамға көмек көрсетілді. Бюджет қаражаты есебінен атқарылған жұмыстар бойынша 2024 жылы «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарасу ауылындағы Кескентас, Ақтас, Бәйтерек көшелеріне жалпы ұзындығы 5,219 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өтеген ауылында балалар ойын алаңы, стритворкаут алаңы салынды. Қарасу және Өтеген ауылдарының көшелерінің бойындағы электр бағаналарында 116 электр шамдары ауыстырылды», — деді ауыл әкімі.
Шара барысында, тұрғындар өздерін толғандырған бірнеше мәселелерді ортаға салды. Нақтылап өтсек, Өтеген ауылындағы Ө.Құлшықов және А.Пушкин
көшелеріне орташа жөндеу жүргізу, аталған елдімекенге «Майбұлақ» су қоймасын салу, Өтеген батыр атындағы №8 мектепке жаңа ғимарат салу, А.Пушкин атындағы орта мектебін күрделі жөндеу мәселелері.
Қос елді мекен тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді Бегзат Сейсенқұлұлы мұқият тыңдап, барлығына да жауап берді. Сонымен қатар, тұрғындарды толғандырған мәселе диалог орнату арқылы шешілетіндігін жеткізіп, ауылды көркейту үшін бірлесіп атсалысуға шақырды. Сондай-ақ, келесідей түсініктеме берді.
«Құрметті, жерлестер! Өздеріңізге мәлім, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан халықтың өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, барлығымзға ортақ міндет. Сауалдарыңызға оралар болсам, жалпы, Өтеген ауылының Жамбыл, Жастар, Ө.Құлшықов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға тапсырылды. Қорытындысы шыққанда бюджеттік өтінім тапсырылады. «Майбұлақ» су қоймасын салу мәселесінде «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің тарапынан қоймаға жөндеу жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ әзірлеу үшін жобалаушы мердігер анықтауға сатып алу конкурсы жарияланды. Биыл Қарасу, Өтеген ауылдарымен өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолы жөнделетін болады. Құрылыс жұмыстарын атқаратын мердігерлік мекеме нақтыланды. Мектеп мәселесіне келер болсам, округте «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 300 орындық білім ошағының құрылысы жүруде. Бұл жобаның орын тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешуде атқаратын маңызы үлкен. Сонымен қатар, округ аумағында ашылған «Корцем» цемент зауыты жұмыссыздықты жоюға арналған ең ірі жоба. Жалпы зауыт құрылысына 50 млрд.теңге көлемінде инвестиция тартылып, зауыттың қуаттылығы жылына 1 млн. 200 мың тонна цемент шығаруды көздейді», — деді аудан басшысы.
Аудан және ауыл әкімінің есебіне оң бағасын берген ауыл тұрғындары ризашылықтарын білдірді.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ