Сәрсенбі күні аудан әкімдігінде жаңа жылдағы алғашқы аппараттық кеңес отырысы өтті. Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Отырысты аудан әкімі жаңа тағайындалған басшыларды таныстырумен бастап, оларға жаңа жұмыс орнында абыройлы қызмет етуге шақырды. Атап айтсақ, аудан әкімі аппаратының кеңсе бөлімшесінің басшысы болып Кенжебек Жанар Талғатқызы, ішкі саясат бөлімінің басшысы болып Қабылтай Таңат Үсеналыұлы, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры болып Исраилова Айқаныш Болатбекқызы тағайындалған болатын.
Осыдан кейін күн тәртібіне көтерілген екі мәселе бойынша талқы басталды. Мінберге аудан әкімінің орынбасарлары бір-бірден көтеріліп, 2024 жылдың қорытындылары туралы баяндамаларын назарға ұсынды. Бақыт Сахатов, Жұлдызбек Бақаев және Дамира Сүгірбай өз салаларындағы атқарылған жұмыстарды, жеткен жетістіктер мен кемшіліктерді тізіп берді.
Бегзат Болатбеков өзінің орынбасарларының баяндамаларынан соң жұмыстағы кемшін тұстарды ескеріп, биыл барлық бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, аудан әкімі бірқатар басшыларға ескертулер айтып, оларға тәртіптік жаза қолданылатынын атап өтіп, сөгіс те жариялады.
Отырыста аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл орындаушылық тәртіп туралы баяндама оқыды. Ол қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған бірқатар басшыларды тізіп өтті. Аудан әкімі өз кезегінде жұмысына салғырттық танытып жүрген басшыларға сын айтып, қатаң ескертулер жасады.
— Ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары халықпен кездесу барысында көтерілген сұрақтардың барлығы орындалуы тиіс. Орындамаған жағдайда қатаң сөгіс берілетіндігін ескертемін. Күнделікті жұмыстарыңызды мен берген хаттамалық тапсырмалардан бастауларыңыз қажет. Ауданда әлі де болса шешілмеген мәселелер бар. Бүгінгі отырыста берілген тапсырмалардың орындалуы бақылауға алынсын, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.