Қаракемер ауылының тұрғыны Бақберген Әлімбаев қазақтың ұлттық өнерін, ата кәсіпті дәріптеп жүрген шебер. Ол ер-тоқым, өмілдірік, құйысқан, үзеңгі, айыл, пыстан, жүген, ноқта, көпшік, шылбыр, қамшы және т.б. бұйымдарды жасап сатып, кәсіпке айналдырған.
Отыз жастағы ат-әбзелдерін жасайтын шебердің өз қолымен жасаған бұйымдарына таңғаласың. Оның себебі Бақберген мүмкіндігі шектеулі жан. Алайда, оған қарамастан үйінде жәй отырмайды.
— 2013 жылы жол апатына түстім. Денсаулығымнан айырылдым. Көбіне үйде отырғандықтан «you tube» желісінен ұлттық өнер жайында көп видео көріп, қызықтым. Осындай бұйымдарды неге жасап көрмеске деп, ақырындап әрекетке көштім. Бәрін өзім үйрендім. Біртіндеп шеберлігімді дамытып келемін. Әрине, оңай емес, қолым ауырып кетеді. Бірақ бұл іс маған шабыт сыйлайды. Үйде құры отырғаннан не пайда? – дейді Бақберген Әлімбаев.
Көп сұранысқа ие бұйым – ер-тоқым. Оны жасауға біраз уақыт кетеді. Қаракемерлік шебер жасаған ер-тоқым бағасы 25 мың мен 45 мың теңге арасы екен. Бұйымдарды жергілікті мал базарда, әртүрлі жәрмеңкелерде сатады. Бақбергеннің арманы өз шеберлігін арттырып, кәсібін кеңейту. Мемлекет беретін грант алуды да армандайды.