Атақты мерген туралы кітап

0

Ұлы  Отан соғысында асқан ерлік көрсеткен жерлесіміз  Әбіл Нүсіпбаев туралы «Сұрмерген  Әбіл» кітабы жарық көрді.  Аты айтып тұрғандай, ол генерал Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясының атақты мергендерінің бірі болды. Әбіл мергендер тобын басқарып, жас жауынгерлерді дәл көздеп атуға баулыды. Өзі де мергендіктің үздік үлгісін көрсетіп,  үш жүзге жуық жау солдаттары мен офицерлерін жайратқан. Ә.Нүсіпбаев екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Алғашқы «Қызыл Жұлдыз» орденін соғыстан бұрын 1938 жылы Қазақтың таулы атты әскер полкінде взвод командирі болып жүріп  Халкин-Гол шайқасында  көрсеткен ерлігі үшін алған.

Кітап әдеби шығарма емес, әртүрлі авторлардың соғыс кезінен тартып, күні кешеге дейін мерзімді басылымдарда жарияланған Ә.Нүсіпбаев туралы мақалалар мен қаруластарының естеліктерінен тұрады.  Мәселен, майдандық «За Родину», «Советский гвардеец», «Суворовшы» газеттерімен қатар, «Комсомольская правда» газеті 1942 жылғы 9 октябрьде «Он уничтожил 52 немцев!»,  «Правда» газеті 1943 жылғы 29 сәуірде  «Дружба скрепленная кровью», «Социалистік Қазақстан» газеті 1944 жылғы 18 қаңтарда «Мергендер» т.б. мақалаларымен  Әбілдің ерлігін паш еткен болса, соғыстан кейін де қаруластарының естеліктері көп жарияланған екен. Сол дивизия құрамында батальон комсоргі болған гвардия капитаны,  «Қордай шамшырағы» газетінде 1961 -1985 жылдарда редактордың орынбасары болып қызмет атқарған майдангер журналист Жапар Көпбаевтың да Әбіл туралы мақалалары мен «Біздің жорық жолдарымыз» кітабынан үзінділер  берілген.  Қаракемер ауылындағы мектепке мергеннің есімі берілу тарихы да қамтылған.

Кітаптың алғы сөзін жазған Қордай ауданының Құрметті азаматы Әбдібек Сейілхан, ал кітапты тұтастай жинақтап баспаға дайындаған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі  Құрманбек Әлімжан. Ардагер журналист Қ.Әлімжанның атақты мерген туралы ондаған жылдардан бергі зерттеулерінің қорытындысы іспетті  «Үш жүзге тарта жауды жайратқан қордайлық мергенге Батыр атағы неге берілмеді?» деген көлемді мақаласы да осында беріліпті. Кітап  мергеннің көптеген майдандық суреттерімен көмкеріліп,  «Қордай ақпарат-баспа компаниясы» ЖШС-нің баспаханасында офсеттік  қағазда басылған.

Жандос  Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.