Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі

0

Бостандық пен тәуелсiздiктiң кепiлi, еліміздің әлеуметтiк-экономикалық дамуының негiзi, Қазақстандағы басты құнды құжат Конституция екені анық. Ата заң  қағидаттарына сүйене отырып, мемлекетіміз бүгінде  тұрақты даму жолына түскені де жасырын емес. 30 тамыз – ҚР Конституциясы күні елімізде үлкен көлемде аталып өтетін мереке. Соның бір айғағы, кеше аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты шара болды.

Ата заңымызды ұлықтаған айтулы шараға аудан басшылығы, ақсақалдар алқасы мен ауыл тұрғындары қатысты. Алдымен сахна төріне әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін алып шығып, одан кейін жиналған қауым Әнұранды бірге шырқады. Мерекелік құттықтауға аудан әкімі Бегзат Болатбеков сахна төріне көтереліп, жүрек жарды тілегін жеткізді.

«Осыдан 29 жыл бұрын халқымыз бүкілхалықтық референдумда Қазақстанды зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретінде өз Ата Заңын қабылдағанын баршамыз жақсы білеміз. Бұл күн – Ата Заңымыздың аясында Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қасиетті далада ата-бабамыз аңсаған Ұлы Тәуелсіздіктің көк туын биікке көтеріп, киелі жері мен қасиетті төрін бағалайтын ерекше күн. Ендеше, біздің басты міндетіміз – Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституциямызды құрметтеп, ондағы әр бап пен әр тармақтың қатаң сақталуын қадағалап, қоғам өміріндегі маңыздылығын жоғалтпауына ықпал етуіміз керек. Бұл Қазақстанда тұратын, елім деген әрбір азаматының асқақ парызы, адами міндеті деп ойлаймын», — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Осыдан кейін еңбегімен еленген бірқатар азаматтарға марапаттар жүргізді. Құттықтаулар легіне аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов та қосылып, мерекенің маңызына тоқталып өтті.

Мерекелік іс-шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.