АТАДАН – БАЛАҒА ӨТКЕН КӘСІП

0

Кейіпкеріміз Назира Көпбаева бүгінгі кәсібіне саналы түрде келген, мектепті бітіргеннен кейін немен айналысатынын нақты білді. Оның басты үлгі тұтатындары әкесі Жарғожаев Жаныбек Ибраимұлы мен анасы Нұрбекова Мейіркүл Саудалиевна болды. Жаныбек Ыбырайымұлының мамандығы мал дәрігері болған. Алматы зооветеринарлық институтын бітірген. Одан кейін Мәскеуде бір жыл оқып, онда паразитологияны меңгерді. Қарақоңыз (қазіргі Масаншы) ауылында жұмыс істеп, кейін Ырғайты ауыл шаруашылығы техникумында (қазіргі Ноғайбай ауылшаруашылық колледжі) 30 жыл ұстаздық етті. Тоқсаныншы жылдардың басында тәжірибелі әрі білікті мал дәрігері ауданда бірінші болып ветеринарлық дәріхана ашып, малды емдеуге арналған дәрі-дәрмек сатып қана қоймай, ем-дом жолын жазып беретін. Кеден жақта орналасқан ветеринарлық дәріхананың қызметін бүкіл аудан пайдаланатын.

Мейіркүл Саудалықызы жалпы тәжірибелік дәрігер болған. Университетті бітіргеннен кейін Қарақоңыз ауылдық ауруханасының бас дәрігері болып, кейін Гвардейский кентінде әскери дәрігер болып жұмыс істеді, Ырғайты (қазіргі Ноғайбай), Зерносовхоз (Беріктас) ауылдарында ұзақ жылдар жұмыс істеді, Благовещенкада (Қайнар ауылы) ауылының дәрігері болып зейнет демалысына шықты.

Нәзира Жаныбекқызы өз кәсібін – ветеринарлық дәріханадан тоқсаныншы жылдардың ортасында бастады. Содан бері қордайлық малшылардың көпшілігі маманның қызметін пайдалануда. Назира университетті ветеринария мамандығы бойынша тәмамдады, сондықтан ол әрқашан көмектесуге – диагноз қоюға, қажетті дәрі-дәрмектерді тағайындауға және емдеуге дайын.

Мал дәрігері жануарлардың ауруларын анықтау, емдеу және алдын алумен айналысады. Мұндағы басты қиындық жануарлардың адамдардан айырмашылығы, олардың тілі жоқ, сондықтан жануарлардың сырқатын анықтап, диагноз қою кезінде аурудың сыртқы көріністеріне және диагностикалық процедуралар мен сынақтардың деректеріне ғана сенуге тура келеді. Ветеринар жануарларға профилактикалық егулер жүргізеді және басқа да медициналық процедураларды, соның ішінде хирургиялық операцияларды орындайды.

«1996 жылы әкем алғашқы ветеринарлық дәріхана ашып, маған бірге жұмыс істеуді ұсынды. Біраз уақыттан кейін ол: «Сен өте жақсы жұмыс істеп жатырсың. Ветеринар мамандығын оқып алсаңшы», — деді. Сөйтіп, Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университетін бітірдім. (Бішкек). Мен ерте тұрмысқа шықтым, сондықтан оқып жүрген кезімде екі балам болды. Кейін күйеуім Рашид Көпбаевпен жеке ветеринарлық дәріхана аштық. Көп жылдар бойы жұмыс істеп келеміз. Сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз және Алматыдан арнайы компаниялардан тиімді дәрілерді ғана әкелеміз, – дейді Назира Жаныбекқызы. – Әкемнің қайтыс болғанына 21 жыл болды, алғашында оңай болған жоқ, уақыт өте келе жағдай жақсарды, мен әкемнің ісін абыроймен жалғастыруға тырысамын».

Назира мен Рашид төрт бала тәрбиелеп өсірді, тату-тәтті отбасында алты немере өсіп келеді. Үлкен ұлы отыз жасар Нұрсұлтан қазір анасымен бірге отбасылық кәсіпті жүргізуге көмектесуде. Қызы Айғаным тұрмыста, үш баласы бар. Екінші ұлы анасы мен атасының жолын қуып, жуырда Қазақ ұлттық аграрлық университетін мал дәрігері мамандығы бойынша тәмамдаған.

Отбасындағы кәсіп сабақтастығы қоғамда әрқашанда жоғары бағаланады: еңбек қызметі отбасы ісіне айналғанда, отбасылық еңбек әулеттері құрылады. Білім, кәсіби тәжірибе, дағды, мамандыққа деген сүйіспеншілік ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырса.

Отбасылық еңбек әулеттері – елдің мақтанышы, өйткені адамдардың өмірбаяны, әрбір отбасының тарихы да мемлекеттің құрылғанынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы болып табылады.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.