Аты аңызға айналған — Қордай батыр

0

2002 жылы жүйелі іздестіру нәтижесінде Қордай асуынан Қордай батырдың сүйегі жерленген жер анықталған. Бүгінде сол жерде Қордай батырдың ескерткіші бар. Ол қызыл гранит тастан жасап орнатылған. Ескерткіште «Қордай батыр, І-ІІ ғасыр» деп оның сол замандарда өмір сүргендігі көрсетілген.

Ертеден жеткен аңыз-әңгімелердің желісі бойынша Қордай батыр  І ғасырдың аяқ кезінде өмірге келіп, ІІ ғасырдың басында көшпелі сақтар мен ғұндар заманында өмір сүрген деседі. Яғни, қазақ халқының қалыптасуынан бірнеше аса ғасыр уақыт бұрын өмір сүрген. Сол заманда осы өңірді жайлаған Асиби деген ел билеушінің Қордай, Аспара, Атар деген үш батыры болған екен. Аңыз бойынша Хантау тауларының бөктерін жау шапқан кезде Шудың батыс жағалауынан Аспара батыр, шығыстан Қордай батыр екеуі ақылдаса келіп, оңтайлы жоспар құрып амалдарын асырады. Жауға төтеп беріп, жасақтарымен қырып салады. Сол кезде Хантау тауының бөктері мен сай-саласынан қырылған сансыз жау әскерінің қып-қызыл қаны аққан екен. Бір деректерде жер  атауының «қантау» болуы осыған саяды делінген.

Қордай сесті, көзі өткір, екі қолы тоқпақтай, зор денелі батыр болған екен. Әсіресе, батырдың дене бітімі өте ірі болған деген ақпараттар жиі кездеседі. Оның соншалықты алып болғандығын табанының көлемінен-ақ байқауға болады. Ескерткіш орнатылған жерде адам аяғының ізі қалған тас бар. Сонда, Қордай батыр шоқының үстіндегі тастың үстіне шығып, жаудың келе жатқанын көріп, қаһарланып, айқайлаған кезде тастың үстінде аяғының іздері қалған екен. Сол ізден сәл жоғарырақ алдындағыдан кішірек көлемдегі тағы екі аяқтың ізі тұр. Ал бұл іздер батырдың баласына тиесілі екен.  Бұл іздер басылған ол тастардың сонау І-ІІ ғасырдан бүгінгі күнге дейін сақталып, еш жері опырылмай, сумен шайылмай тұрғаны да бір тылсым күштің куәсіндей. Алып батыр ел арасында ерлігімен ғана емес, айлакерлігімен де есте қалды. Ол жауды жеңу үшін тек күшіне ғана емес, айласына да сенген екен.

…Қордай батыр жерленген жердің жанында сол жаққа қарай оның жұбайы болған ұлы анамыз Мақпуза жатыр екен. Одан әріректе батырдың сарбаздарының бейіттері тұр. Сонымен қатар, Атығай деген батыр болған үлкен ұлының да бейіті бар. Батырдың жатқан жерінен ары қарай солтүстік жақ бетінде, екінші қырда 100 метрдей қашықтықта Қордай бабамыздың екінші жұбайы Алтыншаштың жатқан жері бар. Алтыншаш Бибі ана өмірге алты ұл алып келген екен. Сонымен бірге батырдың төңірегінде туған-туысқандары жерленген дейді. Қазіргі шырақшының үйі тұрған жерден шығысқа қарай тағы бір бейіт тұр. Бұл бейіт Қордай батырдың бұрынғы шырақшысының бейіті. Бірақ өкінішке орай аты-жөні белгісіз қалыпты. Кезінде қызылдардың қолынан қаза тапқан деседі. Бұл ескерткіштің аймағында ашылмаған сырлар әлі де көп.

Батырдың ең үлкен ұлы Атығай батыр өте ержүрек, жылдамдығына көз ілеспейтін, өте қарулы, қайратты, таймас қайсар батыр болып, мың басын басқарыпты. Айналасы қашанда батырларға толып, ал бауырлары өзіне үзеңгілес болған. Білектің күшімен талай жауды жолынан қайтарған. Ал 2013 жылдың 30 сәуір күні Алтыншаш Бибі ана мен ұлы Атығай батырдың жатқан жерлеріне қоршау орнатып, бастарына тастан қашалған ескерткіш орнатып, құран бағыштап, ас берілген.

Сонымен қатар аңыз-әңгімелерге зер салсақ Қордай батыр бабамыздың қыран құсы мен еліктері болған. Осыған орай батырдың бейіті маңында қыран бүркіт пен екі еліктің мүсіні орнатылды. Алтын түстес болып жасалған бұл мүсіндер бір жағынан ұлы батырдың өткен өмірінен бір сыр шертсе, екінші жағынан осы төңірекке сән беріп, өз орындарын тауып, үйлесіп-ақ тұр.

Елі мен жері үшін, келешек ұрпағының болашағы үшін тер төгіп кескілескен, шайқаста басын тіккен батырларымыз қазақ халқында өте көп. Сол қасиетті батыр аталарымыздың бірегейі, артына өшпес із қалдырған осы Қордай батыр болған десек артық айтқандық болмас. Оның атында білдей аудан орталығы, орталық ауыл, Кенен Әзірбаев ауылында бір көше, атақты асу бар. Бұлар мыңдаған жылдар өтсе де батыр атының өшпейтініне бірден бір дәлел іспеттес. Ал біз туып-өскен жеріміздің тарихын, мәдениетін айтқымыз келсе, ұлы тарихтың иесі деуге тұрарлық Қордай батырды аузымызға алатынымыз сөзсіз. Содан кейін өңірімізден шыққан басқа да батырларымыз, шешендеріміз, ақын-жазушыларымыз, әнші мен күйшілеріміз туралы айта береміз. Осындай көне заман мұраларының біздің күнге дейін жетіп, сол күйінде сақталып тұрғаны бізді қуантады. Мұндай мұралар өскелең жастар мен келер ұрпаққа да бағасыз, қол жетпес дүние екені анық.

Ә.Ошақбай,  аудандық мәдениет үйі және тарихи-өлкетану музейінің  ғылыми қызметкері              

Leave A Reply

Your email address will not be published.