АТЫ-ЖӨНДІ ӨЗГЕРТУ НЕ БАЛАНЫ АТАСЫНЫҢ АТЫНА ЖАЗДЫРУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

0

Ұлты қазақ азаматтар өзінің тегi мен әкесiнiң атының жазылуын қазақ тiлiне тән емес аффикстi алып тастай отырып өзгертуге хақылы.

Заңгер Эльнура Кішкенебаева аты-жөнді өзгерту және жаңа тек пен есім алғанда нені ескеру қажет екенін түсіндірді.

– Адам тегі немесе атын өзгертуі үшін қайда жүгінуі қажет? Бұл процесс қалай жүреді? Ақша төлеу керек пе?

– Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 15-бабының 4-тармағына сәйкес 16 жасқа толған Қазақстан Республикасының әрбір азаматы аты-жөнін өзгерте алады. 16 жасқа дейінгі балалардың аты-жөнін өзгерту үшін өтінішпен заңды өкілдері, яғни баланың ата-аналары жүгінеді. Ал 10 жастан бастап баланың жеке деректерін өзгерту үшін оның келісімі талап етіледі. Аталған баптың 3-тармағында азаматтың Т.А.Ә. ауыстыру, өзгерту, түзету азаматтық хал актілерін тіркеу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелуге жатады деп көзделген. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді, азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер енгізуді, қалпына келтіруді, жоюды ұйымдастыру қағидалардың 144-тармағына сәйкес азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу үшін көрсетілетін қызметті алушы кез келген тіркеуші органға, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың ЖАО, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне не мемлекеттік корпорацияға (ХҚО) қалауы бойынша жазбаша түрде немесе портал арқылы электрондық түрде жүгінеді. Мемлекеттік қызмет алу барысында стандартта көрсетілген мемлекеттік бажды төлеу қажет.

– Аты немесе тегі өзгерген кезде міндетті түрде барлық құжатта ауыстырып шығу қажет пе? Мысалы, диплом. Бұған қанша уақыт беріледі?

– Т.А.Ә. өзгерген жағдайда, бірінші жеке куәлік және төлқұжат ауыстырылу қажет, әрі қарай жүргізуші куәлігі және банк құжаттары, атыңызға тіркелінген жылжитын және жылжымайтын мүліктердің құқық иесі болғаныңыз үшін құжаттарын ауыстыру қажет. Бұл тарапта дипломды өзгертуге міндеттелмейсіз. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 243-бабында Неке қию немесе бұзу кезінде жеке куәлік сәйкесінше куәлікті алған сәттен бастап 30 күн ішінде ауыстырылуы қажет.

– Ерлі-зайыпты ажырасып, әйел адам өз тегін қайтарған кезде барлық құжатта өз тегін қайтара ма? Сондай-ақ күйеуінің тегін алғанда барлық құжатта өзгертуге міндетті ме?

– Азаматша заңды некеге тұрған уақыттан бастап жұбайының тегіне өзінің тегін өзгерткен болса, онда жеке басын куәландыратын құжаттарын жарамсыздығына байланысты отыз күн ішінде ауыстыруы қажет. Мұнымен қатар керісініше өз тегін қайтарған жағдайда жарамсыздығына байланысты ауысуы қажет.

– Заңды некелескен соң әйел немесе ер адам бір-бірінің фамилиясын қосарлап ала ала ма? Мысалы, «Сабырова-Абаева Айжан Димашқызы» деген сияқты.

– «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР кодексінің 31-бабының 1-бөлігіне сәйкес неке қию (ерлі-зайыпты болу) кезiнде ерлi-зайыптылар өз тiлектерi бойынша ортақ тегі ретiнде өздерiнiң бiреуiнiң тегiн таңдайды не ерлi-зайыптылардың әрқайсысы өзiнiң некеге дейiнгi тегiн сақтап қалады, не біреуі (екеуі де) өз тегiне екiншi жұбайдың тегiн қосып алады. Егер ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң болса да некеге тұрғанға дейiнгi тегi қосарлас болса, олардың тектерін қосуға жол берiлмейдi.

– Егер адамның тегі немесе аты туғанда «орысша» жазылса, қазақшаға ауыстыруға бола ма? Мысалы «Актемирова – Ақтемірова». Бұл үшін не істеу қажет? Қандай құжаттар керек болады?

– Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді, азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер енгізуді, қалпына келтіруді, жоюды ұйымдастыру қағидалардың 144-тармағына сәйкес азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу үшін көрсетілетін қызметті алушы кез келген тіркеуші органға, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың ЖАО, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне не мемлекеттік корпорацияға (ХҚО) қалауы бойынша жазбаша түрде немесе портал арқылы электрондық түрде жүгінеді. Мәліметтерді өзектендіру үшін қажетті құжаттардың тізбесі:

Нысан бойынша мәліметтерді өзектендіру туралы өтініш.

Жеке басты куәландыратын немесе нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша өкілінің жеке басты куәландыратын құжаты немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін).

Өзектендіруге жататын азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәлігінің көшірмесі (АХАЖ АЖ мәліметтер болмаған жағдайда).

Көрсетілетін қызметті алушының өкілі жүгінген жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат.

Порталға жүгінген кезде:

Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сымен куәландырылған немесе ұялы байланыс операторы ұсынған көрсетілетін қызметті алушының абоненттік нөмірін тіркеген және порталдың есептік жазбасына қосқан жағдайда, бір реттік парольмен куәландырылған электрондық өтініш.

Өзектендіруге жататын азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәлігінің көшірмесі (АХАЖ АЖ мәліметтер болмаған жағдайда).

Көрсетілетін қызметті берушілер цифрлық құжаттарды «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген пайдаланушының ұялы байланысының абоненттік нөмірі арқылы ұсынылған құжат иесінің келісімі болған жағдайда, іске асырылған интеграция арқылы цифрлық құжаттар сервисінен бір реттік паролді беру арқылы немесе «электрондық үкімет» веб-порталының хабарламасына жауап ретінде қысқа мәтіндік хабарлама жіберу арқылы алады.

– Кейінгі кезде «-ов» және «-ованы» алып тастау сәнге айналды. Ол қалай жүзеге асады?

– «Ұлты қазақ адамдардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы президентінің 02.04.1996 жылғы №2923 Жарлығына сәйкес ұлты қазақ азаматтар өздерiнiң тегi мен әкесiнiң атының жазылуын қазақ тiлiне тән емес аффикстi алып тастай отырып өзгертуге хақылы, алайда тегi мен әкесiнiң атының түбiрлiк негiзi сақталуға тиiс.

– Жаңа есім таңдағанда ескеру керек қандай ережелер бар? Мысалы, дефис, әріп саны деген секілді.

– «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 63-бабының  2-бөлігіне сәйкес, бөлек не дефис арқылы жазылған жағдайда қосарланған атқа өзгертуге рұқсат етіледі, бірақ ол екі аттан аспауға тиіс.

– Фамилияны ойдан құрастыруға бола ма? Әлде міндетті түрде қандық туыстығы бар аталардың есімі болуы керек пе?

– Тегін, атын, әкесінің атын өзгерту үшін олардың иесінің бір тілегі жеткіліксіз. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 257-бабында атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруға мынадай дәлелді себептер келтірілген:

 

атының, әкесiнiң атының, тегiнiң оғаш естiлуi;

атының, әкесiнiң атының, тегiнiң айтуға қиындық келтіруі;

егер некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейінгі тектерінде қалса немесе некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркегеннен кейін жұбайы (зайыбы) тегін басқасына ауыстырса, жұбайымен (зайыбымен) ортақ текте болғысы келген жұбайының (зайыбының) тілегі;

егер неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезде бұл туралы мәлімделмесе, некеге дейiнгi тегiн алғысы келуі;

бұрынғы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған балаларымен ортақ текте болғысы келуі;

жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейiнгi тегiн алғысы келуі;

жұбайы қайтыс болған жағдайда өтiнiш берушi некеге дейiнгi тегiнде болғанда, балаларымен ортақ текте болғысы келуі;

өтініш беруші таңдаған ата-аналарының бірінің ұлтына (ата-аналарының ұлты әртүрлі болған кезде) сәйкес келетін атты және (немесе) текті алғысы келуі;

құжаттардағы атынан өзгеше, өмірде нақты қалыптасқан атын алғысы келуі;

егер некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде жұбайының тегі қабылданса, некеге дейінгі тегін алғысы келуі;

ұлттық дәстүрлерге байланысты әкесiнiң немесе атасының аты бойынша текте болғысы келуі;

өтініш берушіні іс жүзінде тәрбиелеген адамның тегі мен аты бойынша текті және (немесе) әкесінің атын алғысы келуі;

жынысын хирургиялық жолмен өзгерткен кезде таңдаған жынысқа сәйкес келетін атты, әкесінің атын, текті алғысы келуі кезінде жүргізіледі.

– Жалғызбасты аналар заң жүзінде өзінің әкесін баласының әкесі деп көрсете ала ма?

– «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 63-бабының 5-бөлігіне сәйкес егер әкесі анықталмаса, баланың аты анасының көрсетуі бойынша беріледі, әкесінің аты баланың әкесі ретінде жазылған адамның аты бойынша, тегі – анасының тегі бойынша немесе ұлттық дәстүрлер ескеріліп, баланың атасының аты бойынша беріледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.