АУҒАН СОҒЫСЫ – ҰМЫТЫЛМАС ТАРИХ

0

Елдің ертеңі үшін қалтықсыз қызмет жасаған, өз Отанына деген шынайы жанашыр аға буын өкілдерін ұлықтау, құрмет көрсету назардан тыс қалған емес. Жақында «Қордай» Гуманитарлы-экономикалық колледжінің ғимаратында 15 ақпан Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай, ардагермен кездесу өтті.

Шараға Ауған соғысының ардагері А.Сағынбаев қатысты. Ауған соғысының тарихи маңызын ашып, жастарға тереңірек түсіндіру, ардагерлердің ерлігімен таныстыру, оларды құрметтеуге шақыру кездесудің негізгі мақсаты болып табылды. Сонымен қатар, жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, тарихи тағылым беру, мәдениетін дамыту, отансүйгіштікке және ізгілікке тәрбиелеу көзделді. Өз кезегінде ардагер шара ұйымдастырушыларына ризашылығын білдіріп: «Біз көрген қиын кездерді кейінгілер көрмесін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, енді соғыс болмасын», — деген ізгі тілегін жеткізді.

Жиын соңында Ауған соғысының ардагеріне «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі атынан алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етілді.

*

«Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен дәл осы мақсатта сый-құрмет көрсету дәстүрі «Береке» Гуманитарлы-техникалық колледжінде жалғасын тапты. Студенттер зұлмат соғысты өз көзімен көрген Ауған соғысы ардагерлерінің әңгімелерін тыңдап, ерекше әсерге бөленді. Шараға Ауған соғысының ардагері А.Мамбетов қатысты. Патриоттық-тәрбие сабағында Ауған соғысының ардагеріне «Жастар ресурстық орталығы» КММ атынан алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.

*

«Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған іс-шара Қордай аудандық ауруханасында жалғасты. «Береке» Гуманитарлы-техникалық колледжі студенттері ем алып жатқан Ауған соғысының ардагерлері А.Почуев пен Е.Салияхметовпен жүздесіп, құрмет көрсетті. Іс-шара барысында ардагерлерге алғыс хаттар, сыйлықтар және азық-түлік себеттері тарту етілді.

Бұл игі бастама – ардагерлердің ерен ерлігін ұмытпай, оларды құрметтеу әрі жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылды. Ауған соғысының ардагерлері – Отан алдындағы адалдықтың, батылдық пен қайсарлықтың жарқын үлгісі. Олардың ерлігі мен жанқиярлық еңбегі әрдайым ел есінде сақталады. Мұндай кездесулер өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беріп, олардың елге, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыратыны сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.