Ауданымыздың бүгінгі өмірін қаузайтын, тұрмыс-тіршілігінен ақпарат беретін «ауыл тынысы» айдарымыздың аясында Ауқатты ауылдық округі туралы тарқата баяндасақ. Округке сапарлап қайтқан аудандық басылым тілшілері елді мекендерді аралап, тұрғындармен сұхбаттасып, олардың арман-тілектеріне құлақ түрді. Жағымдық жаңалығы көп ауылдың жайы мынадай.
Қордай жұртшылығы үшін ауылды көтеру – өзекті мәселе. Қазіргі таңда бұл бағытта жасалып жатқан игі істер ұшаң теңіз, тек солар тоқтамай, жалғасын тауып, ауыл инфрақұрылымы дами берсе дейміз. Ауданның елді мекендеріндегі өзгерістер кімнің болсын жүрегіне қуаныш ұялататыны анық. Ал, шалғайда жатқан кішігірім ауылдарда қарқынды жұмыс басталғанын көргенде ауданның ертеңі жарқын боларына үлкен сенім пайда болады. Ауқаттыға барар жолда бірінші кезекте округке қарасты Қызылсай ауылына ат басын бұрдық. Кішігірім ауылдың тұрғындары жиын-терім науқанына білек сыбана кіріскен. Егістіктерде комбайндар егінді шашау шығармай жинап, шөп тиілген жүк көліктері ауылға қарай андыздап жол тартуда. Бұл ауыл тірлігіне ерекше келбет беретіндей. Елді мекен ішіндегі тіршілік те қызу. Жамбыл көшесіне асфальт төселе бастаған. Балалар тегіс жолда асыр салып, велосипед теуіп, асық ойнауда. Ауылішілік жолды жөндеумен айналысып жатқан мердігер «ТехСтройРесурс» ЖШС өкілдерімен сөйлесудің де сәті түсті.
— Жұмысты жақында бастадық. Осы айдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Он екі адам жұмысқа жұмылдырылған, қажетті техника жетеді. Бұдан бөлек Амангелді және Құрманғазы көшелеріне де асфальт төсейміз. Ауыл тұрғындары өте риза, жолдың сапасына қатысты өздерінің ұсыныс-тілектерін айтып жатады, – деді учаске басшысы Бағлан Бөрібек. Жамбыл көшесінде ауыл ақсақалдарымен де сөйлестік.
— Ауылға көңіл бөліп, қамқорлығына алған аудан басшылығына алғысымызды айтамыз. Ендігі кезекте ауыз су мәселесі шешілсе нұр үстіне нұр болар еді.. Ауылдың бірнеше жерінен ұңғыма қазып су шығарғанымен, ол көп ұзамай бітіп жатыр. Ал, бұлақтардан жиналатын судың сапасы көңіл көншітпейді. Сонымен қатар, көшенің соңғы үйлеріне су жетпей қалады. Осы мәселе көп ұзамай шешімін табады деген үміттеміз, – дейді ауыл ақсақалы Рақымбай Молдашев. Сондай-ақ, қызылсайлықтар табиғи газ құбыры ауылға келетінін естіп, оны тағатсыздана күтуде.
Осыдан кейін Ауқатты ауылына жол тартып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Биыл ауылдағы басты жаңалық – 19 көшеге асфальт төселінеді екен. Мұнымен қоса, Бәйтерек ауылының төрт көшесін жөндеу жоспарда бар. Ал, былтыр басталған Бәйтерек-Ауқатты автожолының құрылысы тамыз айында аяқталуы тиіс. Аталмыш жол арқылы ауыл тамырына қан жүгіріп, тіршілік ширай түсетіні айтпаса да белгілі. Қазіргі таңда Ауқаттыда жеті көшеге асфальт төселді. Атап айтсақ, Астана, Молдажанов, Әулиешоқы, Әуезов, Рысқұлов, Уәлиханов және Саялы көшелері. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.
Ауылдағы тағы бір жағымды жаңалық – №9 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен ғасырдың 70 жылдары іргесі қаланған білім ордасы осы күнге дейін ағымды жөндеу көргенімен, мұндай жұмыстар жасалмаған. 600 орындық мектептің жөндеу жұмыстарын «Өмірзақ» ЖШС мойнына алған. Сметалық құны 239 млн. 565 мың теңгені құраған құрылыс қазір қарқынды. Бірнеше бригадаға бөлінген жұмысшылар шатырын ауыстырып, қабырғасын сылап жатыр. Жоспар бойынша нысан тамыз айында толықтай тапсырылуы тиіс. Дәл осындай күрделі жөндеу жұмыстары ауылдық ауруханада да жүргізіліп келеді. Жақын арада «басы ауырып, балтыры сыздаған» науқастар толығымен жаңартылған мекемеде ем-дом алады. Ауқаттылықтар жақын арада көгілдір отын игілігіне де қол жеткізетін болады. Ауылға газ құбыры тартылып, жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы, округте кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласы дұрыс жолға қойылған. 132 тұрғын жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, 174 шаруа қожалығы егін егіп, мал шаруашылығын дөңгелетіп келеді. Сонымен қатар, Ауқаттыда бірнеше ірі кәсіпорын да бар. Қазіргі таңда диқандар бар күшін егін ору науқанына салуда. Биыл округте 614 гектарға бидай, 2560 гектарға жүгері, 1600 гектарға жоңышқа және мыңнан астам гектарға өзге дақылдар егілген. Шаруа қожалықтары техникаларын жаңарту және заманауи әдістерді қолдану ісіне де аса назар аударуда. Мәселен, жақында «Ауқаттылық» шаруа қожалығы 44 млн. теңгеге «ESSIL» комбайнын лизингке алған.
Қазір сегіз мыңнан астап тұрғыны бар округте еңбек көрігін қыздырып, туған жердің дамуына атсалысып жатқан жандар жетерлік. Олар туралы жазу жақын болашақ еншісінде. Биыл жасалынып жатқан жұмыстармен қатар, басшылықтың болашаққа деген жоспары да толағай. Оңынан болсын дейміз. Ал, округтің гүлденіп, дами беруіне біз де тілектеспіз.
Еркін Қатбеков