АУҚЫМДЫ ЖҰМЫС АЛДА ЖАЛҒАСЫН ТАППАҚ

0

Наурыз айының бірінші жұлдызында бастау алған, 19 ауылдық округте өтіп, жүздеген сұрақтар көтеріліп, ауыл-аймақтың дамуына ерекше мән беру туралы түрлі ұсыныстар айтылған аудан әкімі Мәден Мұсаевтың тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулерінің қорытындысы аудандық Мәдениет үйінде болды. Аудан басшысының есебіне облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек қатысты. Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов жүргізіп отырды.
Өндірісі мен өнеркәсібі қарқын алып, ауыл шаруашылығы шалқи түскен, әлеуметтік мәселелер межелі шешімдерін тауып, облыстағы маңдай алды аудандардың бірі саналатын өлкеміздегі оңды істер жетерлік. Мәден Тоқтарбайұлы өз баяндамасында алдымен аудан экономикасын өрге сүйреп отырған өнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Өнеркәсіп кәсіпорындары өткен жылы 21464,5 млн. теңгеге өнім өндіріп, нақты көлем индексі 102,6% құрағанын айтты. Ауылшаруашылықты аудан ретінде Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында атқарылған жұмыстардың нәтижесі де кеңінен баян етілді. Былтырғы жылы орын алған қуаңшылыққа қарамастан мол өнім алған аудан шаруаларының жалпы көрсеткіші және сол су үнемдеуде қолға алынған нақты жұмыстар да сөз болды. Мәселен, былтыр аудан шаруалары жаңа технологияны пайдаланып су үнемдеу және өнім көлемін арттыруға қол жеткізу мақсатында тамшылатып суғару әдісін мықтап қолға алған. Нәтижесінде 2021 жылы — 12830 га жерге тамшылатып суғару технологиясы қолданылған. Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция, шаруалары қолдау бағдарламалары жайы да кеңінен айтылды. Осылармен қатар аудан әкімі былтырғы жылы «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының іске асуы, қолдау тапқан кәсіпкерлер жайында да кең мағлұмат берді.
Осыдан кейін халықты әлеуметтік қорғау, жас мамандарға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының іске асуы, білім саласы жайында атқарылған жұмыстар жайына тоқталған Мәден Мұсаев соңғы жылдары қарқын алған құрылыс туралы да кеңінен тоқталды. Мәселен, 2021 жылы Қордай ауылындағы «Батыс» шағын ауданында 60 пәтерлі тұрғын үй және Гвардейский қалашығындағы БҚПҒЗИ қызметкерлеріне 60 пәтерлі 3 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 6 инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылым жүйесінің құрылысы аяқталған. Отар және Жамбыл ауылдарында мәдениет үйлердің құрылысы аяқталып пайдалануға берілсе, Гвардейский қалашығында спорттық – сауықтыру кешені салынған. 2021 жылы Қордай ауылында «Батыс» ықшам ауданында 2 көп қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйлер және Қордай ауылы Жібек жолы көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйлерден жалпы 180 пәтер кезекте тұрған азаматтарға берілсе, сонымен қатар, ауданда «Асарлатып үй салу» жобасы іске асырылып, асар әдісімен тұрғын үйге мұқтаж 15 отбасы баспаналы болған.
Сондай-ақ, Қордай мен Сортөбе ауылдарында екі пәтерлі тұрғын үйлердің кілті табыс етілді. 2022 жылға өтпелі болып отырған құрылыс нысандары қаншама. Сонымен қатар биылға жоспарланған жұмыстар көлемі де ауқымды.
Мәден Тоқтарбайұлы есеп беру жиында ауданда құқық қбұзушылықтың алдын алу, денсаулық саласы, жастар мәселесі, дін саласы бойынша атқарылған жұмыстарға да ерекше тоқталып, өткен жылда атқаралған істер мен алдағы жылға қойылып отырған мәжелерді де айтып өтті.
Баяндама аяқталып, кезек жарыссөзге берілгенде бірінші болып сөз алған ауданлық ардагерлер кеңесі төрағасы Біржан Әлімбет ауданда атқарылған ауқымды жұмысқа ардагерлер атынан алғысын білдіре келе, жиынға арнайы келіп қатысқан Жамбыл облысы әкімінің орынбасарына орталық аурухананың жайын жеткізіп, қазіргі таңда жаңа емхана салу қажеттігі өткір тұрғаны жеткізді.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.