АУҚЫМДЫ ЖОСПАР, ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС

0

Барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулері жылда болатын дәстүрлі жиын. Аудан өміріндегі өзекті мәселелерді шешуде оң нәтижесін беретін осындай есепті кездесу бекітілген кестеге сәйкес, бейсенбі күні таулы өлке Сұлутөр ауылдық округінде өтті.

Таңертең Сұлутөр ауылдық мәдениет үйіне жиналған жұртшылық билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналған кездесуге қатысуға бел буып, шешімін күткен мәселелердің басын аша отырып, аудан әкіміне өтініш-тілектерін алға тартты. Ең алдымен ауылдық округ әкімі Нұрлан Байсалдың өткен жылы атқарылған жұмыстарының есебі назарға ұсынылып, кейіннен аудан әкімі биылғы жылы межеленген жоспармен бөлісті.

Атап айтсақ, Сұлутөрдегі қараусыз қалған ескі үйлер мен ғимараттар бұзылып, абаттандырылады, балалар ойын алаңы орнатылады, стрит-воркаут алаңшасы бой көтереді, көше аншлагтары жаңартылады, сонымен қатар Пушкин көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы жоспарларды тізіп өткен Бегзат Болатбеков округтегі шешімін таппай жүрген ауыз су мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Сұлутөрдегі ауыз су жүйесінің жаңартылуына жобалық сметалық құжаттар дайындалып, экспертизадан шыққанда дереу қаржыландыруға тапсырыс беріледі. Шалғай ауылдарды ауыз сумен қамту Президенттің тапсырмасы болғандықтан, бұл мәселе қадағалауда екенін атап өткен Бегзат Сейсенқұлұлы көптен күткен проблема шешімін табатынына сенімді екенін жеткізді. Сонымен қатар, аудан басшысы мәдениет үйіне кіре беріс жол жөнделетінін де атап өтті.

Ауыл тұрғындары қыс мезгілінде ауылға қатынайтын автожолдың дұрыс тазаланбайтынын айтып шағымданды. Осы ретте аудан әкімі биыл коммуналдық шаруашылық мекемесіне қар тазалайтын жаңа техника сатып алынатынын айтып, келесі қыста жолдарды қардан тазалау жөнге келетінін жеткізді. Сонымен қатар, сұлутөрліктер Жамбыл көшесін жарықтандыру, егістіктер арасындағы күрме жолдарды және Шарбақты ауылына баратын күрме жолды да грейдермен тегістеп беруді сұрады. Сондай-ақ, жиында әкімшілікке жаңа ғимарат салу, мәдениет үйіне музыкалық аппаратура алу, пошта бөлімшесіне қатысты мәселелер көтерілді. Осы ретте аудан әкімі Нұрлан Байсалға ауылды күтіп-ұстау турасында нақты тапсырмалар жүктеді. Кездесуде шаштараз ашуға жәрдем сұраған тұрғынның өтініші де қаралды. Барлық сұрақтарға лайықты жауабын берген Бегзат Болатбеков бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.