АУДАНҒА АРНАЛҒАН ӘНДЕР ТАРИХЫ

0

ҚҰРМАНБЕКТІҢ «ҚОРДАЙЫ»

Қордай жұртшылығына белгілі болған өнерпаз Құрманбек Қосалыұлын ел есінен шығара қоймаса керек. Тек Қордай емес өзгеде өңірлер мен Қырғыз еліне де асабалықпен аты шыққан Құрманбектің артында Қордай жайлы ән қалғанын бірі білсе, бірі білмес. Бүгінде жиындарда ән айтылып жүргенімен аты аталмай қалатыны рас. Қазіргі жас буын білмегенімен алдыңғы буын ағаларымыз ол кісінің өнерін әлі күнге ауыз толтырып айтуда. Талайдың қуанышын атқарған Құрманбек ағамызды бұл күнгі шәкірттері тек жақсы жақтарын айтып еске алады. Оның ақкөңілділігі мен тым жомарттығы көп адамға қона бермейтін көркем мінез дейді. Талай өнерпазды өрге сүйреген Құрманбек Қосалыұлы Қордай жайлы ән шығаруды көптен аңсаған екен. Қанша рет талпынған ол әніне лайықты сөз таба алмай біраз сергелдеңде болғаны да бар. Ақыры соңында ақын апамыз Анаркүл Әшімқызының ауданға арнаған жырын оқып өзінің әніне үйлесіп тұрғанын сезеді. Осылайша, аңсағанына жеткен ән иесі ол әнді әуеліде домбыраға қосады. Той-жиындарда көпшіліктің көңілінен шыға білген ән бірнеше жыл өткен соң барып сахнада орындалады. Ол кездегі аудандық мәдениет үйінің оркесторымен сүйемелденіп алғаш орындаушысы да Құрманбек Қосалыұлының өзі болады. Содан уақыт өте музыкалық студияда өңделіп Қордай жұртшылығының тойында шырқалып көптің көңіліне ұнай білді. Әннің арнайы авторлық құқығы да берілген. Әуені құлаққа жағымды әннің өлеңінде жазып алған болатынбыз.

Қордайдың салқын самал қоңыр желі,
Тамсантқан табиғаты асу белі.
Халқы бар әнге құмар, жырға құмар,
Ардақты Кенен атам туған жері.

Қордайым керуен жолы,
Көмейім әнге толы.
Торабы тоғыз жолдың,
Өтетін Жібек жолы.

Еркелеп беттен сүйген тау самалы,
Жанымды нұрға бөлеп ән салады.
Арасын қырғыз
қазақ жалғастырған,
Қордайды көруге әркім құмар болған.

Қордайдың асу белі,
Маңдайдан соққан желі.
Қызылғұр Көктөбедей,
Жамбылым Сұлутөрім.

ҚУАНЫШТЫҢ
АРНАУЫ

Ауданға арналған әннің бірін Жаңатұрмыс ауылынан шыққан өнерпаз Қуаныш Мамытқалиев жазған. Бүгінде театр және кино актері елімізге танымал бірнеше киноларға түсіп үлгерген. Атап айтсақ, «Астанаға көктем кеш келеді», «Қара шаңырақ», «Боз бала шақтың соңғы жазы» сынды киноларда бой көрсеткен. Жаңатұрмыс ауылдық орта мектебінен түлеп ұшқан Қуаныш бала кезден мерекелік іс-шаралардың басы қасынан табылып жүретін. «Өнерге әркімнің ақ бар таласы» демекші Қуаныш та өзінің болашағын өнермен ұштастыра отыра мектепті аяқтап Алматыға аттанады. Еліміздің әр түкпірінен жиылатын өнерпаздарың ордасы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түседі. Онда қазақ жұртына танымал өнер иелерінен дәріс алып, шеберлігін шыңдайды. Болашағынан үміт күттіретін шәкірттердің бірі болып, студент шағынан көптің көзіне түседі. Бүгінде Қуаныш Сабырқожаұлы өзі түлеп ұшқан Т.Жүргенов академиясында актер шеберлігінен оқытушы. Оған дейін де ол М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрында, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында қызмет атқарған. ҚР Президентінің степендиясының иегері. Ән салатын өнері да бар Қуаныштың бойында ақындық қасиетіде қалыптасқан. Ол өзінің туып өскен өлкесіне ән арнауды өзіндік парыз санайтын. 2007 жылдары сол арман жетегінде жүріп Қордай жеріне жыр жазады. Әуенінде өзі шығарып әннің сөзінде Қуаныштың өзі жазған. Әуені құлаққа жағымды ән тез арада Қордай жұртшылығына тарай бастайды. Жас өнерпаздар сахналарда осы әнді орындап, байқауларда да бұл әннің бағы жанып тұратын. Ол кездері ауданның әр бір мерекелік кешінде осы «Қордайым» әні шырқалатын.

Бақтарың жайнап,
Құстарың сайрап.
Көңілді алар,
Бір сәтке баурап.
Шауып бөктерде,
Құлын ойнаған.
Табиғатыңа,
Көзім тоймаған.

Жамбылдың жері,
Кененнің елі.
Қымбатсың маған,
Қордайым менің.

Көлдерің тұнық,
Тауларың биік.
Даламды кезген,
Елікпен киік.
Әрбір ұл қызың,
Қырандай самғап.
От болып лаулап,
Жүрсінші жайнап.

«ҚОРДАЙЫМ МЕНІҢ»
«ҚОРДАЙЫМ МЕНІҢ»

Топырағы қасиетті туған өлкеге арналған төртінші туынды 2019 жылы тұсауы кесілген. Қордай ауданының тоқсан жылдығына орай жарыққа шыққан әннің тарихы өз алдына. Бүгінде «Қордайым менің» әні түрлі іс-шараларда шырқалып келеді. Әннің шығуына аудандағы белсенді жас Мадияр Қарабаев арқау болғанын айта кеткен жөн. Жазылған өлеңге әуен іздеп Алматыға да барғаны бар. Ондағы ойы Қордай ауданының тумасы жас әнші әрі ән өңдеуші Талап Жұман еді. Осылайша, ол осы сапарында елімізге белгілі, бір кездері Қазақстан композиторларының үздігі атанған Ерғали Көшербаевпен кездесіп, оған өтініш білдіреді. Талай қазақ эстрадасы әншілерінің бағы жануына себепкер Ерғали өтінішті жерге жықпай келісімін береді. Әуені шығып, сөзі жазылған әнге музыкалық өңдеуде оңайға соқпайды. Жұмыстың бұл қиыншылығын Талап Жұман өз мойнына алып, туған жері үшін барын салады. Ән әрленген соң әншіні табу жолы еш қиынға соқпады. Өйткені Қордай жері өнерлі жасқа толы екені сөзсіз. Солардың бірі Төлеген Қыдырбек. Төлеген аудан жастары арасында белсенділердің бірі. Мәдени шаралардан бөлек қоғамдық жұмыстар мен жастар саясатында да қырағылық танытып келеді. Ол, ауданның ғана емес облыс түгіл еліміздің көк туын өзге елдерде көтеруде. Осы уақытқа дейін ол, Түркия, Македония, Италия елдерінде өнер көрсетіп, барған жерінде бас жүлде алып жүрген талант иесі. Бүгінде аудандық Мәдениет үйінің әншісі, БЖШО-да шәкірт тәрбиелеп жатқан ұстаз. Әнге оралсақ әуені қазақы. Музыкасында орындалған ұлттық аспаптар құлақтың құрышын қандырады. Әні мен сөзі дәл үйлескен туындыны Төлеген де шыңына жеткізе орындағанын айта кеткен жөн. Онда Қордайдың табиғаты мен тұлғалары туралы жазылған. Тарихы жерлері мен аудандың ұл-қыздарының қасиеттері де көркемделген.

Жерінен құт кетпеген,
Баурайын гүл көктеген.
Қордайым жер жаннатым,
Көркіңе тіл жетпеген.

Дәстүрін құрметтеген,
Қыздарын Жібек көрем.
Ұлдары ұлтым деген,
Нағыз ер жігіт дер ем.

Сұлутөрдің тауы,
Алмалының бағы,
Бұл Әулие шоқы,
Құтты мекенім.

Тарих толы тұлға,
Көкте бөлеп нұрға,
Кенен қосқан жырға,
Қордайым менің.

Ардақты ең асылым,
Айнасы бұл ғасырдың.
Әлжан ана туған жер,
Анасы Елбасының.

Арқадай атырабы,
Алтын дән жатыр әні.
Қордайдың қасиетті,
Тау тасы топырағы.

«АСУ АСУ БЕЛ ҚОРДАЙ»
Кезекті Қордай туралы туындының бірі «Асу бел Қордай» әні. Әнін Кенен ауылының тумасы, таланты композитор Арман Елібаев жазған. Ал, сөзі сол өнерлі ауылдан шыққан ақын Ерлан Бүрбаевтың қаламымен жазылған. Композитор мен ақын бұл туындыны жарыққа шығармастан бұрын көп кеңеседі. Аудан жұртының көңілінен шыға білетін ән шығару әсте оңай емесі анық. Десе де, Арман Елібаев бұған дейінде небір әндер жазып, сол туындылары арқасында композиторлар одағаның мүшелігіне кірген. Оның репертуарында «Отбасым», «Соңғы балл», «Сезім» әндері көптің көңілінен шығып, тыңдаушылардың ықыласына бөлене білген. Әсіресе, «Отбасым» әнін жерлестерінің сүйіп тыңдайтыны жасырын емес. Ал, сөз авторына келетін болсақ ақынның әкесі өңірге танымал Асылқұл Бүрбаев. Асылқұл сал серінің соңғысы Кенен Әзірбаевтың шәкірті. Қазаққа әйгілі «Құлагер» киносында бақсыны сомдаған актер. Ақындығы да бір төбе. Міне Ерланға осы өнер әкесінен дарыса керек. Әуелде бала кезде Ерлан Бүрбаев ауыл ішінде арнаулар айтып жүріп өнері ауылдан алыстап шықпаған еді. Күндердің күнінде Алматыда ән салып жүрген Арман Елібаев арнайы Ерланға келіп Қордай туралы сөз жазуға қолқа салады. Мұндай әнге сөз жазу бақыты оған алғаш рет беріліп тұр еді. Көп ойланып, мазмұнына мән берген Ерлан ақырында Қордайдың қасиетті жер атаулары мен танымал тұлғаларын жырға қосуды көздейді. Осылайша, сазгерге ұнаған сөзге ән әпсәтте шыға келеді. Бұл әннің де тыңдармандар арасынан ойып алар орны бөлек болды. Талайдың тойында, көптеген кештерде, игі іс-шараларда айтылып жүрді. Ел ішінде кең тараған ән 2010 жылдары жарыққа шыққан болатын.

Тамсанған келбетіңе төрткіл
дүние,
Қордайдай елім бар ғой
жер бетінде.
Тарихты бастан кешкен
ұлы Қордай,
Бұл күнде жайқалып
тұр тербетіле.

Асуда асу бел Қордай,
Аса бір соққан жел қандай.
Жастарым сайран салғанда,
Қарттарым қазына болғандай.

Иірсуым дархан кең далам,
Арқары аттай тулаған.
Асылқұл, Шолпанқұл, Кенекем,
Елімді әнмен жырлаған.

Жайлауы жайсаң жайқалған,
Құстары алуан ән салған.
Сыңғырлап аққан бұлағы,
Жаннаттың ол бір сынағы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.