АУДАН ӘКІМІ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

0

Аудан әкімі Мәден Мұсаевтың Қордайдағы әлеуметтік нысандар жұмысымен танысуы жалғасуда. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбаймен бірге Мәден Тоқтарбайұлы бүгін №47 орта мектепке барып, білім ошағының бүгінімен танысты.
Талапқа сай балаларға білім беріп отырған мектепті аралап көрген аудан әкімі мектеп басшылығымен сөйлесіп, бүгінде туындап отырған мәселелер хақында сұхбат құрды. Осыдан кейін Мәден Тоқтарбайұлы Халықты жұмыспен қамту орталығына ат басын бұрды. Аудан азаматтарын жұмыспен қамту жайымен тікелей айналысатын мекеменің жұмысы жүйелі жолға қойылған. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы талай қордайлықтың қолына «бір күрек» тауып беріп отырған орталық жұмысына сәттілік тілеген аудан басшысы келесі кезекте аудандық білім бөліміне барды. Ескі ғимаратты паналап отырған білім бөлімінің қызметі турасында аталмыш бөлім басшысы Санат Әшірбеков баяндап берді. Мұнда көтерілген мәселелерді Мәден Тоқтарбайұлы назарына алатын болды. Осыдан кейін аудан әкімі №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейге барды. Мыңнан астам оқушысы бар іргелі білім ошағына былтырғы жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жасалған болатын. Дей тұрғанымен, аудан әкімі тура орталыққа жақын орналасқан мектеп алдын абаттандыру бойынша бірқатар ескертулер мен ұсыныстарын айтып, мұнда көтерілген мәселелерді назарға алатын болды. Аудан әкімінің келісі кезекте «Керімбала» балабақшасына барды. Мектепке дейінгі білім беру ісінде үздіктер қатарында жүрген балабақшаның жұмысы жайында меңгерушісі Н.Болысбек баян етсе, одан кейін аудандық ветеринария қызметінің жұмысын көрді. Сонымен қатар аудандық полиция бөліміне барған аудан басшысына бөлім бастығы Мақсат Ережепов құқық қорғау органдарының бүгінгі жұмысы, алдығы жоспарлары мен техникалық қамтамасыз етілуі турасында кең мағлұмат берді. Осыдан соң Мәден Мұсаев аудандық Мәдениет үйі, музей және «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында болып, жұмысымен танысса, келесі кезекте «Нұрсила» балабақшасы мен жақында ғана ашылған «Білім-Дос» жеке меншік мектебіне барып, заманауи білім ордасының жұмысын көрді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.