Қымбатты қордайлықтар!
Қадірлі қауым!
Баршаңызды еліміздегі ең ұлы мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданғаны баршамызға белгілі. Өз кезегінде бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ең басты тарихи құжат болды. Сондықтан да бұл мереке – қазақ халқының сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрін жаңғыртқан, бостандық үшін күрескен бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналған күн болып қалары сөзсіз.
Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген терең мағыналы сөз бар. Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Сол жолда Егемендік декларациясы тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың үлгісі болды. Осы тарихи құжатты басшылыққа алып, біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткізді. Ең бастысы – біз бабалар аңсаған азат елге айналдық. Әлем мойындаған, құрмет тұтқан мемлекет атандық. Мұның барлығы – бүкіл халқымыздың ортақ еңбегінің жемісі. Республика күнінің басты құндылығы – осында!
Құрметті жерлестер!
Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап мемлекетіміздің ел болып қалыптасуында, бүгінгі қол жеткізген жетістіктерінде Қордай халқының қосқан үлесі зор. Қай сала да болмасын, көш бастаған ауданымыздың экономикасы дамып, халықтың тұрмыс деңгейі артып келеді. Бұл — бірлік пен татулықтың арқасында қол жеткізген ортақ еңбек.
Сіздерді Ұлттық мерекемізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға ырыс-несібе, амандық, халқымызға береке-бірлік, елімізге тыныштық тілеймін.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры нық, ғұмыры мәңгі болсын!