АУДАН ӘКІМІ Р.ДӘУЛЕТТІҢ ЖЕҢІС КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері!

Құрметті жерлестер!

Сіздерді қастерлі мереке – Жеңіс күнімен  шын жүректен құттықтаймын!

Әлемді шарпыған сұрапыл соғыстың аяқталғанына да биыл 76 жыл толып отыр. Сан мыңдаған боздақтар Отаны үшін жанын аямай, оқ болып атылып, от болып жанды. Қаншама жауынгер ұрыс даласынан елге оралмады. «Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын», — деп атақты қолбасшы, қазақтың біртуар ұлы, батыр Бауыржан Момышұлы айтпақшы, олар ел үшін аянбады, жұрт үшін, туған жер үшін жанын берді.

Барша қазақстандықтармен бірге біздің Қордай өңірінен де Ұлы Отан соғысына oн бір мыңға жуық ер азамат аттанып, туған жерін жаудан азат етуге қатысты. Майдан даласынан елге аман қайтқан жауынгерлер түрлі салада қызмет етіп, майдандағы ерлік істерін бейбіт күндегі адал еңбектерімен жалғастырып, елге өлшеусіз қызмет етті.

Қан майданнан оралмаған батыр жерлестеріміздің есімі мәңгі ұмытылмай ел есінде қалса, осы күнге жеткен қазыналы қарттарымыз, ардагерлеріміз әрқашан мемлекеттің ерекше қамқорлығында болмақ. Биылғы жылы әлемді әбігер еткен пандемияға қарамастан Жеңіс күнінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмайды. Бәріне лайықты құрмет көрсетіледі. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне тиісінше мемлекет тарапынан берілетін материалдық көмектің барлығы толықтай көрсетіледі. Әрине, мұндай қолдаулар алдағы уақытта да өзінің заңды жалғасын табатыны сөзсіз.  

Осындай батыр бабалары мен ержүрек батырлары бар қазақ елі бүгінгі таңда 30 жыл болған тәуелсіз елде, бейбітшіліктің алтын ордасына айналып, бірлікте өмір сүруде. Біздің бүгінгі жеткен әрбір жетістігіміз — достығы мен ынтымағы жарасқан көпұлтты мемлекетіміздің татулығы мен бірлігінде жатыр. Сондықтан да осындай еліміздің ертеңі мен тірегі – жастарымыз достық пен бірлік атты бағалы байлығымызды жоғалтпай, батыр бабалардың ізін жалғастырады деген сенім мол. 

Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!

Сіздердің қан майданның алдыңғы шебіндегі ерліктеріңіздің, тылдағы ерен еңбектеріңіздің арқасында қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағы бейбіт күнде өмір сүруде.

Сіздер елімізді жаудан ерлікпен қорғай білдіңіздер. Одан кейінгі бейбіт күнде де еліміз бен туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек еттіңіздер.

Жеңіс күні көңілдеріңізге нұрлы шуағын шашып, жарқын қуаныштарға толы болсын! Тәуелсіз Қазақстанның жаңа жетістіктеріне куә бола беріңіздер. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.