Қазіргі таңда елімізде салауатты өмір салтын ұстанып, өмірін спортпен байланыстырған азаматтар аз емес. Осы орайда 15 тамыз — Спорт күні қарсаңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауданның айтулы спортшылары мен спорт мекемелерінің қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Мерекелік шараға шақырылғандар қатарында спорт мекемелерінің қызметкерлерімен қатар, №17 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі, жасөспірімдер арасында бокстан өткен әлем чемпионатының жүлдегері Диас Молжігітов, Дубай қаласында қол күрестен өткен әлем кубогында алтын медаль иеленген Раушан Жаналиева болды. Айта кетсек, Раушанның жасы небәрі 14-те. Дегенмен, бойжеткен армрестлингтен спорт шебері атағына ие. Жиын барысында спортшыларды аудан әкімінің орынбасары Бегзат Болатбеков марапаттап, Алғыс хат және бағалы сыйлықтарын табыс етті.
Жалпы, спорттағы жеңістер ел мәртебесін еселей арттыратыны анық. Ал, еліміздің намысын қорғап, Көк Туымызды көкке көтеретін дарын иелері негізінен ауылды жерлерден шығатыны жасырын емес. Ендеше, ауданда шеберліктерін шыңдап, чемпион атанған азаматтардың есімін атап өткен артық болмас. Мысалы, Асхат Жантұрсынов – кикбоксингтен Азияның бірнеше дүркін чемпионы, Әлем кубогының иегері, Қазбек Сағын – жекпе-жектен екі дүркін Әлем чемпионы, Төлеген Ақылбеков – еркін күрестен Қазақстан Республикасының үш дүркін чемпионы, еркін күрестен халықаралық турнирлардың бірнеше дүркін жеңімпазы, ережесіз жекпе-жектен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Әлем чемпионатының жүлдегері, Светлана Иванчукова – жеңіл атлетикадан Азия чемпионы, Марат Мәзімбаев — ІВА версиясы бойынша кәсіби бокстан Әлем чемпионы, Игорь Свирид — ережесіз жекпе-жектен Әлем чемпионы, Қайрат Молдажанов — каратэдан бірқатар әлем чемпиондарын тәрбиелеген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Закир Тохтиев – Қайрат Молдажановтың шәкірті, Жапонияда каратэдан өткен Әлем чемпионатының абсолютті чемпионы. Бұл спортта елеулі жетістікке жетіп, еліміздің атағын алты Алашқа танытқан спортшылар жетістігінің бір парасы ғана.
Мұнымен қатар Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында спорт пен дене шынықтыру саласына назар аударып, дені сау ұлт – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі екенін еске салып отырады. Сондықтан, елімізде жастардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Айта кетсек, бүгінгі күнге ауданда 333 спорттық нысан бар. Жақында Кордай, Отар, Бетқайнар, Қаракемер ауылдарында 6 заманауи спорт кешені бой көтерді. Сондай-ақ, ауданда 19 үлкен футбол алаңы, 241 шағын спорт алаңшасы, 65 спорт залы, 2 бассейн, 6 тир бар. Аталған нысандардың барлығы дерлік сағат 10.00-ден 23.00-ге дейінгі аралықта жергілікті тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолжетімді. Демек, қалаған азамат дайындалған кестеге сәйкес сонда барып, денсаулығын шыңдай алады.
Қазіргі таңда ауданда жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын азаматтар саны 48102 адам. Ал, спорт мектептерінде және спорт клубтарында 7-18 жас аралығында спортпен шұғылданатын 6865 бала бар. Ағымдағы жылы бұқаралық спортты дамытуға 9,5 млн. теңге бөлінген. 2020 жылы жалпы құны 1,3 млрд. теңгеге 4 спорттық-сауықтыру кешені бой көтеріп, нәтижесінде 60 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, «Samruk-Kazyna» ҰК АҚ демеушілік қолдауымен Масаншы ауылында жаңа шағын футболға арналған алаң, балалар алаңшасы және стритворкаут алаңы салынды. Аудан орталығындағы Жібек жолы көшесінің бойынан жалпы сомасы 12 млн. теңгеге шағын футбол алаңы бой көтерді. Биыл Қордай ауылында құны 30 млн. теңгені құрайтын жаңа күрес залы қолданысқа берілмек.
«Ауданда үш балалар және жасөспірімдер спорт мектебі қызмет етеді. Олар, №17 БЖСМ (жекпе-жек бойынша), №18 БЖСМ (спорттық ойын түрлері), №19 БЖСМ (ұлттық спорт түрлері). Аталған мекемелердің тәрбиеленушілерінің арасында 9 спорт шебері, 9 спорт шеберіне үміткер, 1 Азия чемпионы, 12 Қазақстан Республикасының чемпионы бар. Тұрғындар және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бос уақтын тиімді өткізу мақсатында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 199 спорттық іс-шара өткізілсе, оның 23-і онлайн-форматта өтіп, 9830 адам қамтылды. Бүгінгі күнге аудан тұрғындарын спорттық инфрақұрылыммен қамту 46 пайызға жетті. Жыл соңына дейін Гвардейский, Қарасу, Қарасай, Сарыбұлақ ауылдарында тағы 4 спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға өткізіледі. Осының арқасында тағы қосымша жұмыс орындары ашылмақ. Ал, спортшылар үшін қолайлы жағдайда спортпен шұғылдану мүмкіндігі пайда болып, жаңа спорт кешендері олардың жарыстарға сапалы дайындалуына оң септігін тигізеді», — дейді аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиев.
Бекжол Әпілжанов