Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет 8 сәуір күні аудан тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Аудан басшысымен жүздесуге алдын ала жазылған азаматтар кездесу барысында өздерінің көкейде жүрген мәселелерін айтып, олар негізінен шешімін тапса, қалғандары әкімнің бақылауына алынып, тиісті мамандарға тапсырмалар да берілді.
Негізі аптасына екі рет өткізілетін қабылдау барысында тұрғындардың көптеген мәселелері шешімін тауып жатады. Одан бөлек Рүстем Дәулет әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы да тұрғындар сауалына көңіл бөліп отырады. Мысалы, жыл басынан бері елуден астам өтініш пен ұсыныс түссе, соның барлығына нақты жауап берілген. Ал, қаңтар-наурыз айлары аралығында аудан әкімінің қабылдауына 103 азамат келіпті. Күні кеше өткен қабылдауға жазылған 14 азаматпен жеке дара сөйлескен Рүстем Рысбайұлы әр өтініш иесін мұқият тыңдап, олар көтерген проблемалардың шешімін заң аясында табуға ықпал жасады. Негізінен қабылдауға келген жандар тұрғын үй, жер телімін алу, жұмысқа орналасу, ауылдың инфрақұрылымын нығайтуға қатысты және өзге де тұрмыстық жағдайлар бойынша сұрақтарды көтерді. Солардың біразына тоқтала кетсек. Аудан әкімдігінің қолдауымен тұрғын үйге қол жеткізген жалғыз басты ана Ирина Эберт алғысын білдірсе, «Асарлатып» үй салу жобасы бойынша Жайна Унгарова баспаналы болатын болды. Осының барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» жобасымен үндестік тауып отырғанын ерекше атап өткен жөн.
Жандос ОМАРОВ