АУДАН ДАМУЫНЫҢ АЙШЫҚТАРЫ

0

Өткен сәрсенбіде Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай Облыстық орталық коммуникациялар қызметінде Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы БАҚ өкілдері алдында есеп берді.

Онда Дамира Маратқызы өндірістік сектор бойынша 11,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, физикалық көлем индексі 123,1 пайызды құрағанын айтып, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 12,3 млрд теңге болғанын, құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5 млрд теңгеге жетіп, бұл салада айтарлықтай өсім байқалғанын айтты. сонымен бірге тұрғын үй құрылысы да қарқын алып, 22 мың шаршы метр баспана халық игілігіне берілгені, ауыл шаруашылығы саласы 9,9 млрд теңгемен аяқталып, көрсеткіш 85,9%-ға жеткені, бөлшек сауда айналымы 18 млрд теңгені құрап, жергілікті бюджет кірісі 3,1 млрд теңге болғаны айтылды.

«Аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы Қордай ауылында 144 пәтерлі тұрғын үй ел игілігіне берілді; Қарасай ауылында мәдениет үйі, Үлкен Сұлутөр ауылында дәрігерлік амбулатория, Сарыбұлақ, Еңбек, Бәйтерек ауылдарында ауыз су құбырлары іске қосылды. Қазір 41 елді мекеннің 36-сы көгілдір отынмен қамтылған (87%). 2025 жылы Керу ауылына газ берілсе, Бел, Мұзбел, Аңырақай және Бәйтерек ауылдарының ішкі газ жүйелерінің жобасы дайындалып, тиісті басқармаларға ұсынылды. Гвардейск қалашығының инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 6 жоба іске асырылмақ», – деді Дамира Маратқызы.

Кездесуде баяндамашы Президент тапсырмасына сай, аудан аумағындағы 10 елді мекенде (Ноғайбай, Отар, Қордай, Қайнар, Степное, Қарасу, Еңбек, Сарыбұлақ, Соғанды, Бәйтерек) 8,6 млрд теңгеге ауыз су желілері толықтай тартылғанын айтып, қазіргі уақытта 4 ауылда (Шарбақты, Күнбатыс-2, Алға, Гвардейск) су желілерінің құрылысы жалғасуда екенін жеткізді. Сонымен қатар 10 ауылдың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 179,6 млн теңгеге шарттар жасалған. Сонымен қатар, жер ресурстарын тиімді пайдалану бойынша 2025 жылы 11 000 гектар игерілмеген жерді қайтару көзделсе, бүгінде 893,9 гектар жер мемлекеттік қорға алынды. Қалған 12 552 гектар жерге қатысты шара қолдану үшін жер инспекциясына тиісті хат жолданғанын жеткізді.

Баяндама барысында ауыл жолдары туралы да ауқымды жұмыстар қолға алынғаны айтылды. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 7 ауылда 9 инфрақұрылымдық жоба іске асуда. Жалпы 42 көшенің 24,7 шақырымы жөнделгені жеткізілді.

Жиында жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау бойынша да сөз болды.

«Қордай ауданында экономикалық белсенді халық саны – 80 170, оның 76 576-сы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде жалдамалы жұмысшылар – 36 763 адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 39 813 адам. Жұмыспен қамту шараларына 1744 адам тартылып, 1 522 адам жұмысқа орналастырылды, оның 749-ы – тұрақты жұмыс орындарына жайғасты. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 139 адам оқуды аяқтады. Мемлекеттік гранттар аясында 150 адамға 235,9 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр», – деді Дамира Сүгірбай.

Облыстық орталық коммуникациялар қызметінде аудандағы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бүгінде Қордай ауданының бірнеше округінде табысты жүзеге асырлағын айтылып, 3,1 млрд теңгеге 6016 бас МІҚ, 10879 бас қой, 405 бас жылқы сатып алынғаны, 4 кооператив құрылып, 25 техника мен құрал-жабдықтар алынып, 690 тұрғын өз кәсібін бастағаны айтылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.