Жақында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай Жамбыл облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баспасөз конференциясына қатысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері туралы баян етіп, тілшілер тарапынан түскен сұрақтарға жауап берген болатын. Сол баяндамада айтылған ауқымды дүниелерді ықшамдап алып, оқырманға ұсынбақпыз.
Биылғы жылдың 11 айында аудандағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, салықтық түсім, жалақы, бюджет кірісі артып, өнеркәсіп 25,3 млрд. теңге немесе нақты көлем индексі 97,9% құрапты. Оның ішінде ауыл шаруашылығы 92,3 млрд. теңге немесе нақты көлем индексі 100,3, инвестиция 55,9 млрд.теңге немесе нақты көлем индексі 165,1% құраған.
Қордай ауданы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемі 609 мың 175 га. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру мақсатында 2022 жылы 139 581 га жерге дақылдарды орналастыру жоспарланса, нақты 128 761 га жерге дақылдар егілген. 2022 жылы масақты дақылдардың 68400 гектары толығымен орылып, 108 735,3 тн астық бастырылған. Аудан бойынша масақты дақылдардың орташа өнімділігі 16,0 центнерден айналған.
Егін орағына барлығы 105 астық комбайндары және 368 автокөлік пен 582 трактор тіркемелерімен қатысып, астық қабылдауға 21 қырман, 29 автокөлік таразылары, 15 тұқым тазалағыш қондырғылар жұмылдырылған.
Кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2022 жылдың 11 айында түрлі бағдарламалар арқылы жалпы 6,4 млрд. теңгеге несие беріліпті. Оның ішінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында жалпы соммасы 1,6 млн. теңгеге 51 жоба қаржылық қолдау алған.
Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 21,9 млрд. теңгені немесе нақты көлем индексі 134,1%-ды құраған. 2022 жылы аудан бойынша жалпы 29 жобаға республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттен 53,4 млрд. теңге бөлініп, жобалар іске асырылуда. Оның 11 нысанының құрылысы аяқталған, 9 нысан осы жақында тапсырылуы тиіс, 9 нысан 2023 жылға өтпелі.
Тұрғын үй жайына тоқталсақ. 2022 жылға «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша аз қамтылған отбасыларды 15 жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. 11 айда баспанаға мұқтаж 10 отбасыға үй берілген.
Қордай ауданында 2022-2023 жылдары 5 елді мекенді (Еңбек, Қарасай және Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты) газдандыру мақсатында ағымдағы жылға республикалық бюджеттен 2 жобаға жалпы 888,8 млн. теңге қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
2022 жылы аудан бойынша 32 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етіліп, үлесі 78 пайызға жетті. 2022 жылы 4,1 млрд. теңгеге ауданның 5 елді мекенінде жаңа ауыз су желісінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
2022 жылы «Отар – Гвардейск» 0-2 шақырымы, «Қаракемер-Еңбек-Қарасай» жолдары орташа жөндеуден өтсе, «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында Кенен, Отар, Отар-Гвардейск жолы, Жаңатұрмыс, Өтеген ауылдарында ауылішілік жолдарға ағымды жөндеу жұмыстары жасалған.
Қордай ауданы бойынша 503 отбасыға немесе 2612 адамға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 194,3 млн. теңгеге тағайындалып, есепті кезеңде 174,9 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді.
2022 жылы Сұлутөр ауылында 10 ауысымға арналған фельдшерлік пункт құрылысына, Беріктас ауылында 10 ауысымға арналған фельдшерлік пункт құрылысына және Отар ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, жұмыстар аяқталған.
Ағымдағы жылы Арал ауылындағы 180 орындық мектептің құрылыстары аяқталып, аудандағы 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 682 жас тұрақты жұмысқа орналасып, 137 жас қоғамдық жұмысқа тартылып, 136 жас «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа жолданды, 46 жас «Жастар тәжірибесі» арқылы тұрақты жұмысқа орналасқан. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алуға 182 жас қайтарымсыз грантпен қамтамасыз етілген «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2022 жылға республикалық бюджеттен тұрғын үй сатып алуға 10 маманға 82,7 млн. теңге қаражат қарастырылса, аудандық бюджеттен көтерме жәрдемақы әлеуметтік қолдау шараларына 80 маманға 24,5 млн. теңге қаражат бөлінген.
Мемлекеттік тілді игеру бойынша «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында құрылған тілдерді оқыту орталығында 11 айда 36 топ 744 тыңдаушы оқытылса, 29 шілдеден бастап мешіт имамдарының сұранысы бойынша 21 тыңдаушы курсты қайта оқуда.
2022 жылы Сұлутөр ауылындағы 180 орындық, Еңбек ауылындағы 90 орындық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Қордай аудандық Мәдениет үйін күрделі жөндеуге қаражат бөлінген. Жұмыс аяқталуға таяу. Сондай-ақ, Бетқайнар, Қақпатас, Қарасу ауылдарында мәдениет үйлері нің құрылысы жүруде.
АУДАН ДАМУЫНЫҢ АЙШЫҚТЫ ТҰСТАРЫ АЙТЫЛДЫ
Prev Post