АУДАН МЕКТЕПТЕРІНІҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ

0

29 тамыз күні «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалы  Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті. «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозовтың төрағалығымен өткен жиында бір ғана мәселе – «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Ауданда мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы барысы туралы» мәселе қаралды.

Ол бойынша Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай баяндама жасап, арнайы құрылған жұмысшы топтың аудандағы мектептерде өрт қауіпсіздігінің, антитеррорлық қауіпсіздігі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы бойынша талдамалық анықтамасын ұсынды.

 – Аудан мектептерінің жылу маусымына дайындығы бойынша 48 мектеп зерделенді. Жалпы қазандықтардың саны -53, соның ішінде – 27 көмірмен, 24 газбен, дизель отынымен – 1 қазандық бар, жылу беру аумағы — 205 мың шаршы метр. 2023-2024 жж. жылыту маусымына қазандықтарда ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Қарасу, Ауқатты, Қызылсай ауылдарындағы  мектептерге жаңа қазандықтар орнатылды, бірқатар елді мекен мекемелері мен тұрғын кешендеріне газ қазандықтары енді жеткізіледі. Бүгінгі күнге № 26 ОМ-да қазандыққа келетін жылу жүйесінде, №7 ОМ-да ішкі жылу желісінде ақау бар. Одан бөлек №9, 12 ОМ сыртқы жұмыстары (трубасын сырлау, мұршаға келетін трубаны жаңарту, қазандық сыртын әктеу) жасалмаған. Жалпы мектептің жылу маусымына дайындығы – 70%-ды құрайды»,-деді Дамира Маратқызы.

Сонымен қатар, хабарламашы жаңа оқу жылында өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында аудандағы 48 жалпы білім беретін мектептерде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына мониторинг жүргізілгенін жеткізді. Зерделеу нәтижесі бойынша білім беру мекемелерінің басшылары мен қызметкерлеріне орын алған кемшіліктерді жоюға бағытталған нұсқаулықтар берілген. Осыдан кейін аудан әкімінің орынбасары мектептердегі санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы бойынша зерделеу жұмыстарының нәтижесімен бөлісті: «Зерделеу кезінде бірқатар зертханалық ауытқулар анықталды. Атап айтқанда,  Мұқағали Мақатаев атындағы негізгі мектеп,  №32 Владимир Маяковский атындағы орта мектебінің информатика кабинетіндегі электромагниттік электростатистикалық өріс, концентрация деңгейінің зертханалық өлшеу  нәтижелері бойынша  компьютерлер қолданыстағы гигиеналық стандарттардың талаптарына сәйкес келмейді»,-деді.

Бұдан бөлек, Дамира Сүгірбай аудандағы бірқатар білім беру мекемелерінде медициналық кабинеттердің талапқа сай келмейтінін атап өтіп, мектептердің электр жүйесімен қамтамасыз етілуі, терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарының сақталуы бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарына да тоқталды: «Аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен аудандағы 41 мектеп, 4 колледж, 35 балабақша тексерілді. Басым бөлігінде бейнебақылау жүйесінің сақтау мерзімі 30 тәулікке жетпеуі және ғимарат айналасы бейнебақылау жүйесімен қамтылмауы сынды кемшіліктер анықталып отыр», -деген баяндамашы шалғай ауылдардағы мектептердің турникет, дабыл түймесі және бейне бақылау жүйесімен қамтылуы мәселелерін де егжей-тегжейлі айтып өтті.

Бюро отырысының соңында күн тәртібінде қаралған өзекті мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.