АУДАН ПРОКУРОРЫ БАЛАЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

0

Қордай ауданының прокуроры Бірлік Ізбасаров «Балауса» балалар сауықтыру лагерінде демалып жатқан балалармен ерекше кездесу өткізді. Бұл шара балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне бақылау жасаудың бір бөлігі ретінде ұйымдастырылған болатын.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, сондай-ақ аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Алина Почуева да қатысты. Олар лагерьде балаларға ұсынылып отырған қызметтер мен жағдайлармен жақын танысып, лагердегі күнделікті өмірдің қандай екендігін көрді.

Зерделеу барысында, лагердің тазалығына ерекше көңіл бөлінді.  Тазалық сақтау мақсатында жұмыс істейтін монша және төсек-орын жинақтарын сақтайтын арнайы қойма да қатысушылардың назарына ұсынылды. Тексеру барысында балалардың қауіпсіздігі мен гигиенасына байланысты барлық шарттардың сақталғаны анықталды. Сауықтыру лагеріндегі балалардың ойын алаңдары, жатын бөлмелері, бассейн мен душ бөлмелері де түгел тексерілді. Лагердің барлық нысандары қауіпсіздік талаптарына сай екені ерекше атап өтілді. Мұнда бейнебақылау камераларының орнатылуы да қауіпсіздік шараларының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетеді.

Қатысушылар лагердің атмосферасын одан да жандандыру үшін балалармен бірге түрлі іс-шараларға қатысып, олардың шығармашылығын тамашалады. Бұл балалардың өнерін көрсету, командамен жұмыс істеу, және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді. Көрермендер мен қонақтар осы сәтті тамашалап, балалардың қуаныштарына ортақтасып, шынайы шаттық сезімін білдірді.

Жалпы, лагерлер балалардың рухани, физикалық және әлеуметтік дамуына өте маңызды рөл атқарады.  Онда өткізілген уақыт – жаңа достар табу, жаңа білім алу мүмкіндігі екендігі анық.

Әділет САТЫШЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.