Өткен аптада аудандық полиция бөлімі 9 айда атқарған жұмыстарын қорытындылады. Жалпы ауданымыз үшін өте күрделі болып басталған биылғы жылдағы қылмыстық ахуал туралы бөлім басшысы Мақсат Ережепов аудан әкімдігінде өткен әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде баян етіп, түскен сұрақтарға жауап беріп, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов қатысты.
Ауданның бас полицейінің айтуынша ағымдағы жылдың 9 айы ішінде 468 қылмыс тіркеліпті. Бұл негізінен төмен көрсеткіш болғанымен, биылғы жылы ақпан айында орын алған оқиға қылмыс статистикасының өсуіне алып келген, сонымен қатар жеке құрамның сол оқиғадағы қылмыстық істерді ашуға аса мән беруіне байланысты өзге қылмыстық істердің ашылуы кешеуілдеген.
Баяндамадан мәлім болғандай, ауданда аса ауыр 34, ауыр 163 қылмыс тіркеліпті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда бірнеше есеге өскен. Оның да себебін ақпандағы оқиғамен байланыстырды М.Ережепов. Ал, адам өлтіру фактілері бойынша 20 іс тіркеліп, оның барлығы дерлік ашылған. Бұзақылық бойынша 16, тонау бойынша 10, қарақшылық бойынша 4, бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша 146 қылмыс орын алған. Баяндамашы осы тұста мал ұрлығына қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Тоғыз ай ішінде ауданда 25 мал ұрлығы тіркелген. Полицейлер екі қылмыстық топты құрықтап, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр екен. Осы орайда полиция бөлімінің басшысы мал иелерінен малды еркін жібермеуге, қараусыз қалдырмауды сұрады. М.Ережепов осымен қатар, ауданда криминогендік ахуалды тұрақтандыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесі туралы да айтып өтті. Мәселен, зерделеу кезінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 47,1 пайызға, көшеде орын алған қылмыстар 86,5 пайызға өссе, кәмелеттік жасқа толмағандар арасында қылмыс 70 пайызға, топ болып қылмыс жасау 34,3 пайызға, отбасылық қарым-қатынастағы қылмыстар 25 пайызға төмендегені анықталды. Баяндамашы осы көрсеткіштер арқылы нендей бағыттарға күш салу қажет, қандай шаралар қолдану керектігін бағамдай алдық дейді.
Жиында аудандағы жол-көлік оқиғалары жайы да сөз болды. Мақсат Ережеповтың айтуынша ағымдағы жылдың 9 айында жол-көлік оқиғалары 60 пайызға төмендепті. Оның бір себебі, көктем айларында аудан бойынша өтетін республикалық, облыстық тіпті ауыл аралық жолдардың карантинге байланысты жабылуынан болған. Осының арқасында былтырғы жылмен салыстырғанда жарақат алғандар саны 77, 98 пайызға қысқарған. Дей тұрғанымен, полиция бөлімінің басшысы жүгенсіз жүргізушілердің әлі де болса талапқа бағынбай, ережені сақтамайтындығын айтып, қаржы мәселесі оңды шешімін тауып жатса биылғы жылы аудан орталығы мен елді мекендерге тағы да қосымша бейнекамералар қойылатынын айтты.
Баяндама аяқталған соң әлеуметтік желілер арқылы түскен сұрақтарға жауаптар берілді.