АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ 2024 ЖЫЛЫ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСЫ ЕСЕБІ

0

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп данышпан Абай айтқандай, ерінбей, жалықпай еткен еңбегінің арқасында шәкірттерінің жүрегіне жол таба білген мұғалім ғана нағыз ұстаз бола алады.

Бір сөзбен айтқанда, көргені мен көңілге түйгені көп ұстаздар қауымы барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. Егеменді еліміздің болашағының жарқын болуы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан педагогтердің кәсіби біліктіліктерін арттыру мен біліктілік санаттарын көтеру уақыт күттірмей, үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбекті талап ететіні анық. Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбековтің берген мәліметіне сүйенсек, білім бөліміне қарасты жалпы негізгі және орта білім беретін 48 мемлекеттік мектеп, 21 жекеменшік мектеп, 9 мемлекеттік қосымша білім беру мекемесі, 19 мемлекеттік балабақша, 51 жекеменшік балабақша, 3 шағын орталықта барлығы 3748 педагог қызмет атқарады. 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында педагогтерге кәсіби қолдау мен көмек беру, озық іс-тәжірибелерді аудан, облыс көлеміне тарату мақсатында 204 аудандық, 4 облыстық семинар-практикум, 9 дөңгелек үстел, 3 конференция өткізілген екен. Сонымен бірге, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Сабақ-Times» жобасында 42 педагог ашық сабақтар беріп, облыс көлемінде өздерінің озық тәжірибелерімен бөліскен. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында 47 аудандық семинар, 20 байқау, 20 челлендж, 3 қайырымдылық жәрмеңкесі, 8 акция, 3 дебат, 2 ток-шоу, 2 подкаст, 1 ғылыми конференция ұйымдастырылып, білім бөлімінің аудан мектептерімен жүргізіліп отырған іс-тәжірибесі республика көлеміне таратылды. Сондай-ақ, өткен оқу жылындағы қызмет нәтижелерінің жиынтық көрсеткіші негізінде әрбір білім беру ұйымы жұмысының нақты жай-күйін айқындау мақсатында облыс мектептері арасында жүргізілетін  мектеп рейтингінің  көрсеткіші бойынша ауданымыздағы 8 білім беру мекемесі (№1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейі, №3 Абай Құнанбайұлы атындағы, Ж.Аймауытов атындағы, №16 М.Лермонтов атындағы, №43 Б.Момышұлы атындағы, Әл-Фараби атындағы, А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептері) облыс бойынша  «Инновация режиміндегі мектеп» санатына енген. Ал №4 Балжан Бөлтірікова мектеп-лицейі 2024 жылы педагогтердің облыстық Тамыз кеңесінде «Ең үздік ауыл мектеп-лицейі» номинациясын жеңіп алып, 1 млн теңгенің сертификатын иеленген. Ерекше айта кететіні, «Инновация режиміндегі мектеп» санатындағы мектептер санының жыл сайын артуы, яғни 2023 жылы 5 мектеп алса, 2024 жылы 8-ге артқан.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін дәстүрлі республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының облыстық кезеңінде Қордай ауданы бойынша (№1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы, №3 Абай Құнанбайұлы атындағы ОМ, Шерхан Мұртаза атындағы НМ, №8 Өтеген батыр атындағы ОМ, №19 Бұлар батыр атындағы ОМ, №43 Б.Момышұлы атындағы ОМ, Әл-Фараби атындағы ОМ, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті) 11 педагог I-III дәрежелі дипломдармен марапатталды.  2024 жыл аудан ұстаздары үшін жетістіктер мен табысқа толы жыл болды. Атап айтқанда, №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Елнұр Әскенұлы 2024 жылдың 9-10 желтоқсан күндері Қарағанды қаласында Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы ұйымдастырған «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының жеңімпазы атанып, І дәрежелі диплом мен 500 мыңның сертификатына ие болды. Сондай-ақ, 2024 жылдың 18 желтоқсанында Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеев Қордай ауылы балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының «Мәңгілік ел» үйірмесінің қосымша білім беру педагогі Үсен Тұрлыбаевты «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және 300 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сыйақымен марапаттады.

ҚР Оқу ағарту министрлігі тарапынан ауыл мектептерінде білім алып отырған балаларды қолдау мақсатында тұңғыш рет ұйымдастырылған 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер олимпиадасы көптеген дарынды шәкірттер мен ізденімпаз ұстаздардың бағын жандырды. Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысы шығып, аудан бойынша барлығы 83 оқушы қатысып, оның 46-сы жүлделі орындарды иеленді.

2024 жылдың 19-27 мамыр аралығында Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында 18 мемлекеттен 1000-нан астам спортшылардың қатысуымен қол күресінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында өткен Азия чемпионаты өткізілген болатын. Байрақты бәсекеде білім бөліміне қарасты №5 Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының тәрбиеленушісі Мағжан Ерланұлы бақ сынап, жүлделі l орынды қанжығасына байлады.

Қалай десекте, ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі – бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Шәкірт жүрегіне жол тауып жүрген ұстаздар еңбегі – өлшеусіз, баға жетпес құндылық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.