АУДАННЫҢ ЖҮГЕРІ АЛҚАПТАРЫНДА

0

Қордай ауданы облыс бойынша жүгері өсіруден көшбасшылар қатарында. Біздегі өсетін жүгері дақылы көбінесе мал азығы ретінде пайдаланылады. Қазіргі таңда аудан бойынша 7 мың гектар алқапқа себілген «дала аруының» шығымы да жаман емес. Осыған орай газет тілшілері Жаңатұрмыс ауылында жүгері өсірумен айналысатын «Құтпан» шаруа қожалығының жұмысымен танысқан едік.

Шаруа қожалық басшысы Асан Әлімбайұлымен кездесу барысында бірқатар мәліметтерге қанық болдық.  Халқымызда «ексең егін – ішерсің тегін» деген мәтелдің түпкі мәні зор. Өсімдік шаруашылығымен он бес жылдан астам уақыт айналысып келе жатқан қожалық соңғы 6 жылдан бері құнарлы мал азығының құрамдас бөлігі саналған жүгері дақылын егуді қолға алған екен. Тұқым таңдауға ерекше көңіл аударған қожалық басшысы Асан Құтпанның айтуынша, егіс алқабына жүгерінің түркиялық «майами», «андромед», итальяндық «мансанта» сұрыптары себіліпті.

«Қараша айының алғашқы күндерінен бастап оруға кірісеміз. Биылғы шығымы жақсы, ең бастысы шашау шығармай жинап алуымыз қажет», — дейді шаруа.

Былтырғы жылы өнім ойдағыдай болмаған. Оның өзіндік себептері де бар. Соған қарамастан биыл 110 гектар егістікке жүгері дақылын отырғызыпты. Ала жаздай күн астында бел жазбай еңбекке кіріскен диқаншы биылғы басталатын күзден, жүгеріден мол өнім жинауды көздеп отыр. Одан бөлек, аталмыш шаруашылық алқабында он бес адам еңбек етіп, өз нәпақасын Жер-анадан теріп келеді.

«Жиналған өнімнің басым бөлігі мал азығына, жергілікті тұрғындардың сұранысына жұмсалады», — дейді Асан Құтпан.

Егістік жұмыстары ауылшаруашылығы техникаларының көмегімен жүзеге асырылуда. Оған шаруаның техникалары да сай. 2019 жылы екі трактор, бір комбайнды «ҚазАгроҚаржы» компаниясы арқылы тиімді шарттармен сатып алған.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.