Ауруханаішілік инфекция науқас ауруханаға түскен кезде немесе медициналық көмек алғаннан соң клиникалық белгілері байқалатын ауру. АIИ-дің көпшілігі медициналық манипуляциялармен байланысты болады.
Ауруханаішілік инфекция медициналық қызметкерлер ауруханада жұмыс кезінде инфекция жұқтырып алса, науқас ауруханада жұқтырса, ауруханадан шыққан соң 1 ай ішінде инфекциялық аурумен ауырған жағдайда пайда болады. Ауруханаішілік инфециялардың пайда болуына ағза имунитетінің әлсіреуі, науқастарға күтім жасағанда инфекциялық қауіпсіздік ережелерін сақтамау, науқастарды орналастыру ережелерінің бұзылуы, т.б факторлар әсер етеді.
Ауруханаішілік инфекцияның жұғу жолдары: аэрогенді (ауа тамшылы), қатынас және медициналық манипуляциялар кезінде.
Ауруханішілік инфекциялардың алдын алу үшін емдеу сауықтыру мекемелерінде санитарлық-эпидемияға қарсы тәртіпті қамтамасыз ететін іс-шаралардың бірі залалсыздандыру арқылы жүзеге асатын асептика мен антисептика талаптарының орындалуын жүйелі бақылау және қатаң түрде сақтау керек.
Осы мақсатта дезинфекцияны ұйымдастыру келесі бағытта жүргізіледі: науқасты уақытша оқшаулау, жұқпалы аурулар бөлімшесіне немесе изоляторға (жұқпалы ауру түріне қарай) ауыстыру, қажет концентрациядағы дезинфекциялық ерітінділерді дайындау, өңдеуге арналған құрал-саймандарды дайындау, тамақ қалдықтарын, ыдыстарды залалсыздандыру, заттарды камералы дезинфекция үшін клеенка қапқа салу, бөлме жиһаздарын дезинфекциялау үшін бөлме ортасына жинау, жылу құбырларын, плинтус, қабырға, терезе, есіктерді дезинфекциялық ерітінділермен сүрту, қалдықтарды жинап зарарсыздандыру, қабырға және жиһаздарды өңдегеннен кейін дезинфекциялық ерітіндімен еден қайта өңделеді, арнайы киімді камералы дезинфекциялау үшін клеенка қапқа салу.
Аталған іс-шаралардың емдеу мекемелерінде қатаң орындалуы ауруханаішілік инфекциялар-дың алдын алудың негізгі жолдары болып табылады.
Әлия Онғарбаева, Қордай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау және бақылау бөлімінің жетекші маманы