АУЫЛҒА ТАЗА АУЫЗ СУ

0

Су – тіршіліктің көзі. Сондықтан да таза, әрі сапалы суды тұтынудың маңыздылығы айтпаса да белгілі. Жасыратыны жоқ, ауданымыздағы көптеген елді мекендердегі ең өзекті мәселелердің бірі халықты таза ауыз сумен қамту. Сонау кеңес заманынан мұраға қалған су жүйелері қазіргі таңда тозығы жетіп, қараша жұрттың мұңына айналғаны бар. Дегенмен, мемлекетік бағдарламалардың нәтижесінде ауылдардағы сумен қамту жүйесі біртіндеп жаңартылып келеді. Соның бір дәлелі – Степной ауылында жаңа сумен қамту жүйесінің құрылысы.

Степной ауылында тереңдігі 90 метр болатын екі ұңғыма бұрғыланған. Ал, су қабылдағыш нысанның өзі ауылдың сыртында орналасқан. Жалпы, нысанда 300 текше метрлік екі резервуар, сусорғыш станса, ультракүлгін сәулелерімен залалсыздандыру ғимараты және 100 текше метрлік су кернеуіш мұнара орнатылған. Ал, жарық сөніп қалса, дизельдік электрстанса жұмысты тоқтатпауға мүмкіндік береді. Орталықтандырылған су құбыры 600-ден астам абонентке қызмет көрсетуді бастамақ. Мердігер «Мелиоратор» ЖШС. Ендігі кезекте су жүйесі «Қордай су» КМК-нің қарамағына беріліп, кәсіпорынға жүйені күтіп-ұстау, төлемдерді жинау міндеті жүктелмек. Ауыл тұрғындары бұл жағымды жаңалыққа дән риза.

Республика күніне орайластырылып ұйымдастырылған ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов, аудандық мәслихат депутаты Ғабиден Тұлақбаев, ауыл тұрғындары қатысты.

— Президент Қ.Тоқаевтың елдегі барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту тапсырмасын орындау мақсатында осы нысанның құрылысы аяқталды. Мұны ауыл жұрты көптен күткенін білеміз. Ендеше осы қуанышты күн Республика күніне тұспа-тұс келгені мерекені еселей түсіргені анық. Баршаңызды келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтаймын, — деген Бақыт Оңласынұлы аудан әкімі Бегзат Болатбековтың сәлемдемесін де жеткізді.

— Біздің ауылдағы ауыз су құбырлары кеңестік заманнан жаңартылмаған. Президентіміз халықты сапалы ауыз сумен қамту керек дегені өте орынды. Сол тапсырманың орындалып жатқанының куәсі болып отырмыз. Таза су – денсаулық кепілі. Ауыл тұрғындарын құттықтаймын, – дейді ауыл ақсақалы Тілеужан Түстікбаев.

Ақсақалдар батасын беріп, лентасын қиып, ақ жаулықты аналар дәстүрге сай шашу шашты.

Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.