АУЫЛ ҚАРИЯСЫМЕН ҚАДІРЛІ

0

Қайбір ауылға барғанда көнекөз қариямен тілдесу дәстүрге айналғаны рас. Себебі, кешегі өмірді олардан басқа кім айтып береді? Қарасай ауылына барғанда әдеттегідей әңгімелесетін қария іздедік. Ауыл әкімі Күлжахан Елемесова Әуезхан Құлшықова есімді кісінің үйіне баруды ұсынды. Өйткені, ол өмір бойы совхоздың еңбегіне араласып, саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған алтын құрсақты ана.

Аудандық газет тілшілері келеді дегенді естіген Әуезхан Құлшықова отбасымен бірге кіре берістен күтіп алды. Бірден байқағанымыз олар – аңқылдаған ақкөңіл жандар. Бірі ішке шақырып, жолдан демалуды ұсынса, екіншісі әжеміздің орамалын түзеп, көне бір бума қағазын дайындауға кірісті. Қарасай халқының жайсаң мінезін осыдан-ақ аңғаруға болатын сыңайлы.

— Жасым 83-ке келді. Осында 1957 жылы келін болып келдім, — деп бастады әңгімесін Әуезхан Қамзақызы.

Әжеміз совхоздың құрылуының әр кезеңін өз көзімен көріп, оған белсене араласқан жан. «Колос» винсовхозы кезінде таңның атысы мен күннің батысына дейін жүзім, құлпынай, таңқурай алқаптарында еңбек етеді. Кейіннен «Алмалы» совхозы құрылғанда ең алғашқыларының қатарында алма көшеттерін екті.

— Көшеттерді Меркіден әкелді. Оны қолымызбен жер қазып тіктік. Совхоз еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында бүкіл Кеңеске әйгілі алып алма бағы жайқалды. Оған көп уақыт, орасан еңбек жұмсалды. Он үш жыл бақта жұмыс істедім. 1973 жылы «звеновой» атандым, кейін «учетчик» болдым. Мен істеген жылдары 9 бригадир ауысты, кейін өзімді де бригадир етіп тағайындады. 1990 жылы зейнетке шығып, осы уақыттан бері немере-шөберелерімді тәрбиелеумен келемін, — дейді кейуана.

Ол 1957 жылы осы ауылдың тумасы Әлімбай Құлшықовпен бірге отау құрып, өмірге төрт ұл, екі қыз әкеледі. Күйеуі де еңбек адамы. Совхоздағы құрылыс нысандарының бой көтеруіне атсалысады. Қолымен кірпіш құйып, жұмысшылардың үйлерін салуға араласады. Сол үйлердің біразы бүгінгі күнге дейін тұр. Оның әкесі Қамза да ағайын-туыс алдында зор беделді кісі болған. Сталиннен орден алған ол соғыстан қайтпаған.

Әуезхан Құлшықова Кеңес заманында төрт рет Қордай аудандық халық депутаттары Советінің депутаты, сонымен қатар облыстық депутат болып сайланған. Көптеген марапаттары да бар. «Винсовхоздағы» атқарған еңбегі үшін бірнеше мәрте Құрмет грамотасымен марапатталса, 1974 жылы еңбек өнімділігін мейлінше жоғары сатыға көтеру жолындағы ерен еңбегі, халық шаруашылығы жоспарын орындау, өнім сапасын жақсартудағы жемісті жұмысы үшін Социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, арнайы төсбелгімен марапатталған. Сонымен қатар, бүкілодақтық ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай ҚАЗ КСР Жеміс-көкөніс шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасына ие болған. Мұның бәрі көптеген марапат қағаздарының бір парасы ғана. Бүгінде үйдегі ескі альбомдағы архив болып жатқан қаншама марапатты атауға болады. Мысалы, күні кеше қарттар күніне орай, Әуезхан Қамзақызы аудан әкімінің қабылдауында болып, құттықтауын қабылдап, оған аудандық ардагерлер кеңесінің «Құрметті ардагер» төсбелгісі табысталды.

Осының барлығы Әуезхан Құлшықованың аудан дамуына қосқан үлесінің жемісі. Ал өмірдегі басты байлығы – бала-шағасы. Бүгінде ол алты баладан 16 немере, 19 шөбере сүйіп, үлкен отбасының ақылшы анасы, әжесі, арқасүйері болып отыр.

Әңгіме барысында Әуезхан Қамзақызы іс-түзсіз жоғалып кеткен ұлы Жеңісбек Құлшықовты тілге тиек етті. Ұлының соғыс алаңында көрсеткен ерлігі мен батырлығын дәлелдейтін медальдарын көрсетіп, еріксіз көзіне жас алды.

Иә, қонақжай қариямен әңгімелесіп, бұрынырақта тұрмысы өзгеден көш ілгері болған мекенді аралап, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне зер салған едік. Әжеміз айтып берген игіліктің бүгінде жоқ болғанына қарамастан шалғай ауылдың болашағы жарқын болатынына сенім мол.

Еркін Беков

Leave A Reply

Your email address will not be published.