АУЫЛ ӘКІМДЕРІ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНУІ ТИІС

0

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов Қордай ауданына жасаған жұмыс сапары аясында аудан активімен кездесу өткізіп, ауданның 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалу барысы жөніндегі аудан басшысының есебін тыңдады. Аудан әкімі Бегзат Болатбеков өткен жылдың қорытындысымен аудандағы барлық салада оң динамика қалыптасқанын жеткізді. Бегзат Сейсенқұлұлының айтуынша, жалпы
өңірлік өнім 215,9 миллиард теңгеге жетіп, экономикалық өсім 129,2 % құраған.
-Аудан көлемінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, салықтық түсім, жалақы мен бюджет кірісі арта түсті. Ал инвестиция көлемі 137,1 пайызды құрап отыр. Жалпы, ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 9369. Бүгінгі таңда ауданымызда түрлі бағдарламалар бойынша 6,8 миллиард теңгеге несие берілді. Нәтижесінде, 85 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, жалпы құны 580,9 миллион теңгені құрайтын 51 жобаға қолдау көрсетілді, — деді аудан басшысы.
Өткен жылы қол жеткізген өзге де жетістіктерді жіпке тізген аудан әкімі бұдан әрі халықтың әл-ауқатын көтеру және тұрғын-дарға сапалы қызмет көрсетуде бірқатар мәселелер бар екенін де жасырмады. Оның айтуынша, Қордай ауылының тұрғындары бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емханасы бар 270 төсектік жаңа ауруханаға мұқтаж болып отыр. Қазіргі таңда денсаулық сақтау нысанына байланысты жобалық-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысын алу үшін тиісті құжаттар әзірлену үстінде екен. Ал оның жобалық-сметалық құны – 27 миллиард теңгені құрайды.
Аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлы аудандағы проблемалық мәселелер тек денсаулық сақтау саласына ғана қатысты емес екенін баса айтты. Облыс әкімі спорт, мәдени-ет салаларындағы туындаған мәселелердің басым бөлігі жобалық-сметалық құжаттардың тиісті деңгейде дайындалмауының салдарынан орын алып отыр деді. Нұржан Нұржігітов ауыл әкімдері өздері басшылық жасайтын елді мекен тұрғындарымен кері байланыс орнатпайтынын, ондағы жұмысқа қабілетті жастардың немен айналысып жүргендерінен хабарсыз екенін атап өтті.
-Мемлекет басшысы қойған басты міндет – тұрғындардың әл-ауқатын көтеру. Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іс жүзінде орындау. Алайда, бұл істе ауыл әкімдерінің үлесі жоқтың қасы. Ауыл әкімдеріне өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халықты есепке алып, еңбекке орналастыру, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану, мемлекеттік жеке серіктестік пен «Жомарт түлек», «Асар» жобаларының механизмдерін дамыту жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Кейбір ауыл әкімдерінің берген мәліметтері шындыққа сәйкес келмейді. Бұл – жауапты мемлекеттік қызметшілер үшін ұят емес пе? – деген Нұржан Молдиярұлы тазалық жұмыстарына жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеген Қордай ауылының әкіміне ескерту жасады.
Жиын соңында облыс басшысы әрбір басшы жауапкершіліктің жүгін сезініп, орын алған кемшіліктерді жою қажеттігін еске салды. Нұржан Нұржігітов өз сөзінде қолда бар қорды тиімді пайдаланып, халықтың тұрмысын жақсартуды қатаң тапсырды.
Осы күні облыс әкімі Әлжан ана және Жамбыл ауылы тұрғындарымен кездесті.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.