Қордай ауданында биылғы жылы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын көздейтін кешенді жобалар қарқынды түрде жүзеге асуда. Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» секілді мемлекеттік бағдарламалар мен жұмыспен қамтудың белсенді шаралары ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруға оң әсерін тигізіп отыр.
2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қордай ауданында 12 жоба қолға алынып, ауылдардың келбеті айтарлықтай жаңарып келеді. Бұл жобалар ең алдымен халықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға және әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған.
Атап айтқанда, Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйі бой көтеріп, Үлкен Сұлутөр ауылында заманауи спорт кешені салынуда. Ал, Сортөбе ауылында бір ауысымда 200 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы жаңа емхана құрылысы жақында ашылады деп күтілуде.
Сонымен қатар, аудан көлемінде жалпы ұзындығы 24,7 шақырым болатын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастамалар ауылішілік жол сапасын арттырып, тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыратыны анық.
Осылармен қатар, ауданда халықты жұмыспен қамту, оқыту және әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Қазіргі таңда ресми түрде 1445 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Жыл басынан бері 2675 азамат жүгініп, олардың 1744-і әртүрлі қолдау шараларымен қамтылды, ал 749 адам нақты жұмыс орындарына жолданыпты.
Қысқа мерзімді кәсіби оқыту бағдарламасы бойынша биыл 100 адамды оқу курстарымен, 45 адамды жұмыс орындарында оқумен қамту жоспарланған.
Есепті кезеңде 83 адам онлайн оқуға тартылған.
Ал кәсіпкерлік негіздерін үйретуге бағытталған «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 385 адамды оқыту жоспарланып, бүгінге дейін 139 азамат оқуға жолданыпты.
2025 жылы Қордай ауданында қайтарымсыз мемлекеттік гранттармен 150 адамды қамту жоспарланған, қазіргі таңда 45 азамат грант алып, өз ісін бастауға мүмкіндік алған.
Ақылы қоғамдық жұмыс-тармен 618 адам қамтылып, «Жастар практикасына», 51 адам жолданған. Ал, «Күміс жас» жобасы аясында 95 азаматты жұмыспен қамту көзделіп, 63 азамат жұмысқа орналасыпты.
2019 жылы Қордай ауданында алғаш рет Жамбыл ауылдық округінде пилоттық негізде басталған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде Кенен, Қаракемер, Қарасу, Сарыбұлақ, Қақпатас ауылдық округтерінде сәтті жүзеге асырылуда. Жоба аясында 3,1 млрд теңгеге 6016 бас мүйізді ірі қара, 10879 бас қой,405 бас жылқы сатып алынып, 4 өндірістік кооператив құрылып, 25 бірлік техника мен құрал-жабдық алған. 690 тұрғын өз кәсібін бастаған.
2025 жылы «Ауыл аманаты» жобасының 5-бөлігі аясында 1,2 млрд теңгеге 56 жоба әзірленіп, ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылған. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарынан жобалар бойынша өтінімдер қабылдау жалғасуда.
Қордай ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсартуға үлкен серпін беріп отыр. Әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық жобалардың үйлесімді жүзеге асуы – бұл аудан басшылығы мен тұрғындардың бірлескен еңбегінің нәтижесі.