Қордай, Степной және Сұлутөр ауылдарындағы сайлау учаскелері үзіліссіз жұмыс істеуде. Сайлау комиссияларының сағат 14.00-дегі мәліметіне сәйкес 3 ауылдық округтің 70 пайыздан астам тұрғыны дауыс берді. Сайлаушылардың қатарында ауданның Құрметті азаматтары мен ардагерлер кеңесінің мүшелері де бар. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Қордай ауданының Құрметті азаматы Т.Қалғұлов Қордай ауылындағы №239 орталық сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
— Ауданымыздың орталығы — Қордай ауылы болғандықтан ауыл әкіміне артылған жауапкершілік жүгі де үлкен. Ауыл әкіміне кандидат азаматтар 10 күні бойы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ауылды көркейту, халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту бойынша сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Бүгін осы үміткерлердің арасынан көңілімізге қонымды кандидатқа дауыс бердік – деп ақсақала өзінің сайлауға қатысты пікірін білдірді.
Сайлау учаскелері жергілікті уақытпен сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.