Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыру аясында азаматтық қоғам институттарын дамыту, халықпен кері байланысты күшейту және қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Ауқатты ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен ауылдық ардагерлер ұйымына арнайы жұмыс кабинеті жасақталып, пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет арнайы қатысып, лентасын қиды. Ол өз сөзінде бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта барлық ауылдық округтердегі ардагерлер ұйымдарына да осындай жұмыс кабинеттерін ашу мәселесін қарастыратынын жеткізді. Сонымен қатар, ауыл ақсақалдарын құттықтап, ардагерлер ұйымдарының белсенді жұмыс істеуі үшін бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Шара барысында Қызылсай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Муслимов, Қызылсай ауылдық аналар алқасының төрайымы С.Билялова және ардагерлер кеңесінің мүшесі М.Джинлиров құттықтау сөз сөйлеп, Біржан Әбдікерімұлына қолдау білдіргені үшін алғыстарын айтты.
Бұл бастама ауыл ақсақалдарының қоғамдық өмірге белсенді араласуына, олардың әлеуметтік бастамалары мен жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік бермек. Ардагерлер ұйымының жаңа кеңсесіне ауылдағы ақсақалдар алқасы бас қосып, түрлі мәселелерді талқылайтын маңызды орталыққа айналатыны сөзсіз.
«Ауқатты әкімі Алмас Иембергеннің бұл жұмысы өзге ауылдарда жалғасса дейміз. Округ әкімі 3 бөлмелі жиналыс залымен ардагерлер кеңесінің бөлмесін ұйымдастырып берді. Сонымен бірге ардагерлер кеңесіне теледидар, компьютер беретінін жеткізді. Осы игілікті іске көңіл бөлген ауыл басшысына аудандық ардагерлер кеңесі атынан үлкен алғысымызды білдіреміз», — деді Біржан Әбдікерімұлы.