АУЫЛ-АЙМАҚТЫ АБАТТАНДЫРУ – БАСТЫ НАЗАРДА

0

Өткен аптада Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков Отар ауылына арнайы барып, елді мекенді дамыту мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмысты зерделеп қайтты. Әсіресе, аудан әкімі темір жолдың бойында орналасқан Отар ауылын көркейту, абаттандыру мәселелеріне басты назар аударды.

Отар ауылдық округі аудандағы ең үлкен округтің бірі саналады. Шойын жолдың бойында орналасуы, әскери горнизон, биофармацевтикалық зауыттың болуы – бұл округке келіп-кететін адамдардың көптігінің кепілі. Осы себепті де Отар ауылы облыс қала берді, республикада Қордай ауданының бетбейнесі екені рас.

Осыған сәйкес жұмыс сапарында Бегзат Сейсенқұлұлы бірінші кезекте ауылды көркейту, абаттандыру мәселелеріне барынша көңіл бөліну керектігін атап өтті. Осы ретте ауылдық округ әкімі Дидар Есімовқа ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және инфрақұрылымды дамыту бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Сонымен қатар, аудан басшысы ауылдағы қураған ағаштарды кесу, қорым аумағын қоршау, ескі ғимараттарды сүру және жолдарды жөндеу қажеттігін атап өтті. Бұл жұмыстар ауылдың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді.

Бегзат Болатбеков жоғарыда айтылып кеткен жұмыстарға қаражат бөлу үшін ауыл әкіміне жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырды.

Отар ауылын абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.