Ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына Қордайлықтар да белсене қатысуда. Қарқыны жылдам жүзеге асырылып келе жатқан осынау жобаның игілігін сезінген Кенен ауылының жас тұрғыны Алмат Мақаштың кәсібі жайында сөз қозғамақпыз.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы өз кәсібін бастағысы келетін азаматтарға үлкен мүмкіндік болып отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығына қатысты кәсіп түрлерін қаржыландыру жұмыстары жандануда. Кәсібін дамытуды көздеген тұрғындар үшін тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік беретін бұл бағдарлама ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бергені даусыз. 2022 жылы кенендік Алмат Қырғызбекұлы аталмыш жобаның белсенді қатысушыларының бірі ретінде ерекшеленді. Бағдарлама аясында 2,5 пайызбен 7,5 млн. теңге көлемінде несие алып сексен бес бас қой, төрт жылқы алғанын алға тартуда. Туған ауылымда жеке ісім болса деп алдына үлкен мақсат қойған Алмат Мақаш осылайша қарапайым ауыл азаматынан жеке кәсіпкерге айналған.
«Мал бағу, оны өсіру оңай жұмыс емес. Ауылда бейнет көп болғандықтан, қатарластарымның дені қалаға көшуде. Біз отбасымызбен осы жоба жайында естігендіктен қатыспаққа ниет танытқан едік. Көп ұзамай қатысушысы атанып, игілігін көрудеміз. Бір-бір жарым жыл аралық уақытта сексен бес бас қойым, жүз жиырма басқа жетті. Келешекте қой мен жылқы санын көбейтіп, кәсіп ауқымын кеңейту жолында еңбектеніп жатырмыз»,-дейді жас кәсіпкер. 2023 жылдан бастап іске қосылған аталған жоба елімізде сәтті жүзеге асырылып, халықтың ауылда еңбек етуіне, жұмыссыздар санының азаюына, сонымен қатар тұрғындардың табысының артуына оң әсерін тигізуде. Ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастаманың мақсаты – ел тұрғындарын агробизнеске тарту және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдауды көздейді.
Ә.ҚҰТТЫБАЙ