Ауыл азаматы…Әр ауылдан түлеп ұшқан ардақты жандардың өзіне тән өмірбаяны, өз ерекшелігі болады. Ол да кәмелетке жетісімен азаматтық арын адал ұстауға тырысты. Ата-анасының да, ауыл қарияларының да «қарағым, ұлан азамат бол!» деп берген ақ тілеулі баталарын құлағына құйып өсті. Ал, енді бүгін өзі жастарға бата беретін жаста. Оның бет-жүзіне бажайлап көз тоқтатып, нар тұлғалы бітім-болмысынан қапсағай денелі, қайратты жан екенін танисың. Әлі де қуаты қайтпағанының куәсіндей сөзі де ширақ, қимылы да қунақ. Көздерінен сабырлы да салмақты парасат нұры байқалады. Тек, самайдан іліккен ақ қырау қыр желкеге жеткенше селдірей бозарып, «жетпістің ауылын» шын сездіргендей. Жазық маңдайды шиырлаған әжім жолдары ел ағасының көпті көріп, көкейіне көп қазына түйгенін аңғартады.
Көкейдегі қазына дегенде, ол үшін ең алдымен әкесі Сәрменбет пен анасы Гүлсараға қарыздар. Тоғыз ағайынды әкесі төрт інісін соғысқа жіберіп, олардан Нұрақ пен Нұрманбеттен қара қағаз алған, қан майданнан жараланып келген Нұрдан да көп ұзамай жарақаты асқынып қайтыс болған-ды. Анасының да екі бауыры соғыстан қайтпаған қам көңілді жандар еді. Өмірдің ыстық-суығын молынан көрген ата-анасы бұлар ес білгелі Қарақоңыз орман шаруашылығында қорықшы болып жұмыс істеді. Балалары Қылышбек пен Жанысбекті, Динаханды бала жастан тұмса табиғаттың терең қойнауында қоршаған ортаны тани білуге, төрт түлік малға қамқор болуға, өздерінің қиындықпен өткен өмір сабақтарынан тәлім алуға үйретті. Жанысбектің жастайынан-ақ туған жерінің сұлу табиғатынан жанына өмірлік нәр, ал кеудесіне от ала білуіне осының бір себебі болмай қойған жоқ-ты. Әкесі тоқсан жасқа таяп, анасы жүз жасап өмірден озғалы біршама уақыт өтсе де, олардың «балам…» деп бастар дауыс мақамы құлағында қалып қойған.
Ол мектепте үздік оқыды. — Біздің класта есепті үнемі Бақыт пен Жанысбектен көшіретінбіз. Жанысбектің есеп дәптерін қыздар мен балалар бірінен бірі жұлып алып көшіріп, ақыры дала-даласын шығарып тынатын, сонда да ол бір қабақ шытпайтын сырбаз еді, — деп еске алады сыныптастарының бірі Жамбыл Кенебаев.
Олар Байболатов Сейітхан, Райқұлов Бейсе, Тоқабаева Рысжан, Әдікеев Исабек, Тұрпақбаева Кұләш тәрізді кісілігі мол білікті ұстаздардан тәлім алды. Ол кезгінің балалары жетінші сыныптан бастап жаз бойы ауыл тірлігімен біте қайнасып өсетін. Техника әлі бара қоймаған Қараба, Көктөбе тәрізді биік тау бөктерлерінде бар жұмыс ат күшімен атқарылатын. Жазғы каникулда арасына екі-үш ересек кісіні қосып оқушы балалардан шөпшілер звенолары құрылатын. Сөйтіп, ат сүйретпемен шөп те тасыды, шөмелей де салды, тырмашы да болды. Егін орағы тұсында қырманда маңдайы тершіп бидай сапырды, көліктен астық түсірді. Қой қырқынында жүн тасыды, қырықтықшыларға қой ұстап берді. Осылайша ол туған жерінің әрбір ойы мен жазығын, сай-саласы, тау-қыратын, өзен-суын біліп қана қоймай, жыл он екі айда тоқтаусыз жалғаса беретін науқандық шараларына қол ұшын тигізіп, еңбекке жастай бой үйретті. 1970 жылы мектеп бітірген соң да ауылда қалып әртүрлі жұмыстар істеді, шоферлік курсты бітіріп Аңырақайға шөп те тасыды. Көктемгі қой туыты кезінде досы Қасымалы екеуі аға шопан Құсайын Молдасейітовтың отарында сақпаншы болғаны да бар. Сол бір еңбекқор, өнегелі азаматтың: «Қай іске де тиянақты болыңдар, адал болыңдар, лайым биыл оқуға түсіп кетіңдер» деп ұлағат айтып, науқан біткен соң бұларды ақ батамен шығарып салғаны есте. Айтқанындай, сол жылы екеуі де жоғары оқу орнына түскен еді. Жанысбек ауыл тірлігімен байланысты мамандықты таңдап Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқыды.
Студенттік жылдар Жанысбектің қай тұрғыда да өсіп, кемелденуіне ізін қалдырды. З.Қожабеков, Т.Аухадиев, Е.Галымбет, З.Матвиенко сынды үздік ұстаздардың дәрісін тыңдады. Өзіміз күнде көретін, етін жеп, сүтін ішіп, жүнінен киім киіп жүрген төрт түлік малдың осыншама сырлары бар деп кім ойлаған? Ата-бабадан келе жатқан мал емдеу дәстүрінің бүгінгі ғылыммен негізделген озық тәсілдерін жан-жақты меңгеріп шықты. «Медицина — адамды емдейді, ветеринария — бүкіл адамзатты емдейді» деген тәмсілдің де сырын тереңнен ұқты. Бұл бір болса, өмірлік жарын да сол институт қабырғасында тапты. Өзімен бір топта оқитын қасы-көзі қиылған Қалтай ару алғашқы көргеннен-ақ жүрегін жаулап алған-ды. Көңілдері жарасып, соңғы курста бас қосатын болды. Алдымен анасын алға салып, Талдықорған жақтағы ол кезде «ХХІІ партсъезд» атындағы ұжымшардағы (бүгінде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов ауылы) құдалардың алдынан өтіп келді. Үйлену тойлары Алматыдағы Неке сарайында өтті. Бұл 1974 жылдың күзі болатын.
Екі жас қол ұстаса жарасып, екі жылдан соң оқу бітірген бойда апыл-тапыл басқан тұла бойы тұңғыштары Рақымбердіні жетелеп, үш айлық Айгүлді көтеріп туған ауылына келді. Жанысбек Чапаев атындағы колхозға мал дәрігері болып орналасты. Бір жылдан соң шаруашылықтың бас мал дәрігерлігіне тағайындалып, содан колхоз тарағанға дейін жиырма жыл бойы табан аудармай осы қызметті қалтқысыз атқарды. Мамандығын адалдықпен ұштастыру айтуға ғана оңай, бұл жылдардың ыстығы да, суығы да аз болмады. Шаруашылықтың қойының өзі қырық мыңнан асып, туыттан кейін алпыс мыңға жетіп ен жайлауға сыймай жататын. Аңырақайды былай қойып, Сарыарқаға дейін мал айдаған кездері болды. Үш мыңдай ірі-қара, мыңға тарта жылқы тағы бар. Тәжірибе – тәрбиеден қалыптасады демекші, біртіндеп көре жүріп, көңілге тоқи жүріп жетілесің. Институт берген теориялық білімі өзіне дейінгі Нарымбетов Әуесқан, Өтелбаев Тоқтарбай, Нүсіпбаев Бақтыбай сынды білікті мамандар мен Добаев Алмас, Қайымбаев Рысбай, Тілекметов Нүсіпқұл, Иманбаев Сәт сияқты әйдік шопандардың тәжірибесімен толықты. Сұрапыл соғыстың өрт-жалынынан оралған Мәлімбаев Бұлтбай, Сейілханов Ақылша, Азаматов Нүсіптей майдангер ағалардың ақыл-кеңестері де бүкіл ғұмырына азық боларлық өмір сабақтары еді.
Колхоздың бас мал дәрігері кезінде мал мамандары Ақбаев Баймұқан, Қайымбаев Сиқымбай, Майнашев Дінәлі, Нұрқасымов Бақыт, Әділбаев Төкен, Қапарбаев Досжан, Ордашев Жеңіс, колхоз басқарған Қалығұлов Тұрсын, Нұрмағанбетов Құрманбек, Байжанов Әнуарбек, Әлиев Санат және басқа көптеген азаматтармен тізе қоса еңбек етіп, қоғам малын өз төлі есебінен көбейтуге, түрлі індеттер мен мал ауруларының алдын алуға бар білімі мен тәжірибесін жұмсады. Жанысбекті аудандық деңгейдегі қызметтерге шақырған кездер де болған, бірақ туған жеріне ту тіккен азамат «ағаш бір жерде көгереді» деп, әлгіндей ұсыныстарға құлай кетпеген. Ал, институтты үздік дипломмен бітірген зайыбы Қалтай болса малдәрігерлік дәріхана мен ветучаскенің басшысы қызметтерін атқарды. Оның ең басты қызметі – инабатты келін, адал жар, ардақты ана атану, өмірге әкелген ұл-қыздарын өсіріп, тәрбиелеу болса, бұл міндетті қалтқысыз атқарды. Жеті бала өсіріп тәрбиелегені үшін «Ардақты ана» медалін өңіріне тақты.
Колхоз тарағаннан кейін Ж.Мүлкеманов Ветеринария қызметі Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі және тасымалданатын обьектілер бөлімінің «Қордай» кеден бекетіндегі бас маманы, ветеринарлық-санитарлық инспекторы қызметін он сегіз жыл атқарып, 2016 жылы зейнетке шықты.
Зейнеткерлік жаста да Жанысбек қарап жатқан жоқ, ауылдық ардагерлер ұйымының жұмысына қатысып, керек жерінде кесімді сөздерін айтып, жас ұрпақ тәрбиесіне, ауыл келбетін жақсартуға үнемі атсалысып тұрады. Одан қалса өзінің «Тұлпар» шаруа қожалығының шаруасы да бастан асады. Малы да, егіні де бір әулеттің керегіне жетіп артылып, қайырымдылық акцияларынан қалыс қалмай, жоқ-жітіктерге, кемтарлар мен қарттарға көмектесіп тұру оның бұлжымас дәстүріне айналған.
Өмірдің сан өткелдерін артта қалдырып, жігіт ағасы кезеңінен асып, ата болған шағында көп жайды саралай еске алып, ой елегінен өткізетін болып жүр. Адымдап айлар, жылжып жылдар өтіп барады екен. Студент кезінде отау құрғандарына да, міне, жарты ғасыр болыпты. Шүкір, Қалтайымен өсіп-өнді, үш ұл, төрт қызынан өркен жайды. Балаларының барлығы жоғары білімді. 1992 жылы орта мектепті күміс медальмен бітірген тұңғышы Рақымбердінің үш бірдей мамандығы бар. Мектеп бітірер жылдары тісімен көлік сүйреп, домбырамен ән салып сегіз қырлы, бір сырлы өнерімен аудандық «Жігіт сұлтаны» байқауының жеңімпазы болған Ақбергені де бүгін үлкен азамат. Ұлдарының бірі аудан әкімі, бірі прокурор, қыздары заңгер, банк қызметкері, мұғалім дегендей, келін, күйеу балалары да соған лайық. Әрқайсысы әр жақта мемлекеттік қызметте және өз кәсібін ашып, бизнеспен айналысып тәуелсіз еліміздің дамуына лайықты үлестерін қосып жүр. «Ұлдарың сесті, қыздарың есті болсын» деген осы. Кезінде ата-анасынан, ұлағатты үлкендерден бойға сіңіріп, өз балаларына үйреткен адами тәлім-тәрбиесінің жемісін көріп отыр. Енді немерелерінің де білікті маман, ең бастысы — жүрегіне ізгілік ұялаған адам болуын тілейді. Ата мен әженің ендігі аңсары да осы. Алматыда Асфендияров атындағы медицина институтында IV курста оқитын Нұрай мен биыл Астанадағы «Назарбаев университетіне» түскен Абылай бастаған жиырмадан аса немере-шөберелерінің де болашағы жарқын боларынан үмітті.
Бар өмірі малмен қатысты маманның қолда мал ұстап, жүйрік баптамауы мүмкін бе? Жанысбектің де бір хоббиі осы атбегілік болатын. Қайсыбір жылы сәйгүлігі бәйгеден келіп автокөлік ұтып алғаны бар. Құрдастарының бірі Тұрсынбек кезінде «Талисманмен» аймаққа аты шықса, Жангелді екеуі күні бүгінге дейін қай жерде ат бәйгесі десе елеңдеп-ақ тұрады. Тіпті, биылғы наурыз айында шетел ипподромындағы ат дайындау тәсілдерін үйрену және желмен жарысқан «Кабирханның» шабысын қасынан көру үшін ересек немересін ертіп сонау Дубайға барып келмеді ме. Ал, қолдағы қос сәйгүлігі «Аманат» пен «Торқанатты» күніге балаша күтіп баптаудан жанына ләззат табады. Шүкір, қазір жүйрік ат баптаушы жастар көбейіп келеді. Соларға ақыл-кеңес беріп, қазақы құндылықтарымыздың бірі – атбегілікті жан-жақты насихаттауды азаматтық парызы санайды.
Адам қартайғанда бір бала болып жас кездегі достарын іздейді, бейкүнә балалық шағын сағынады, тіпті, түсіне де кіреді екен. Осыдан үш-төрт жыл бұрын мектеп бітіргендеріне 50 жылдық, институт бітіргендерінің 40 жылдық кездесулерінде көптен кездеспеген достармен қауышып, өткен күндерге ойша оралып, талай жайларды еске алысып бір жасап қалғандары бар еді. Өкініштісі сол, бірқатар кластастары мен курстастары өмірден өтіп кетіпті. Бала кезден қиыспас достары Бақыт, Қасымалы, Оразбайлар да, институтта бірге оқыған Есен Қоқамбаев, кейін ауданның бас мал дәрігері болған Досан Нұрабаев та жоқ қазір. «Ақшаға сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың», деген осы енді. Курстастарынан Әспен Әбуталиев пен Туарбай Қисықовтың ветеринария ғылымдарының докторы болғанын мақтан тұтады. Өзінің де жетістіктері жетерлік. Бір саладағы ұзақ жылдарғы елеулі еңбегі үшін «Еңбек даңқы» ордені, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жылдық және 30 жылдық мерекелік медальдері, ветеринариялық кеден қызметінің майоры тәрізді мемлекеттік марапаттармен қатар, 2015 жылы «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атануы ауыл азаматына лайықты құрмет болды. Зейнетке шыға салысымен зайыбымен бірге мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Мекке мен Мединеде қажылық парызын өтеп келуі біздің Жақаң — Жанысбек Мүлкемановтың қариялық шаққа жарасар имандылық жолда екенін көрсетеді. Бүгін оның берекелі шаңырағында отау құрғандарының жарты ғасырлық Алтын тойы өтпек. Жан-жақтан әке-аналап ұл-қыздары, ата-әжелеп немере, шөберелері, азаматым деп туыстары, достары, құдалары бас қоспақ. Мерейлі отбасының қуанышы көп болсын!
Құрманбек Әлімжан, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қордай ауданының Құрметті азаматы