АУЫЛ АЖАРЫ АШЫЛА ТҮСПЕК

0

Осы күні Сортөбе ауылдық округінде де аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі өтті. 25 мың тұрғыны бар округте ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік жақсы жолға қойылған. Соңғы жылдары білім мен денсаулыққа, мәдениетке де аса мән беріліп келеді. Аудан басшысы кездесу алдында Сортөбе ауылдық емханасы жанынан салынып жатқан қосымша ғимарат құрылысымен танысты.

Жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асатын жоба көлемі өте ауқымды. 200 келушіні қабылдай алатын медициналық мекеменің қосымша құрылысы былтыр басталған болатын. «Интеллект Азия» ЖШС қолға алған жұмыс қазір қызған шақ. Биылғы жылдың жаз айларында кілтін табыстауға ниеттеніп отырған мердігер компанияға артылып отырған жүк те ауыр. Жаңа ғимаратта УЗИ кабинеттері, ем-шара мен дәрігерлер кабинеттері орын алмақ. Мердігерлер және жауапты мамандармен тілдескен аудан басшысы бірқатар ұсыныстарын айтып, мерзім мен сапаға аса мән беруге шақырды.

Осыдан кейін ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өтіп, округ әкімі Рустам Фушанло жерлестері алдында есеп берді. Баяндамадан кейін Бегзат Болатбеков биыл аталмыш округ бойынша қолға алынатын жұмыстарды атап өтіп, жағымды жаңалықтарымен де бөлісті. Қазіргі таңда апатты жағдайда тұрған ауылдық мәдениет үйін жөндеуге сметалық жоба жасалыпты. Енді қаржыландыру мәселесі шешілсе, мәдениет үйіне қайтадан жан бітпек.

— Биыл ауылдық аурухана жанындағы қосымша ғимарат аяқталатын болады. Өздеріңізге белгілі, оған өте қомақты қаржы бөлінген. Сондай-ақ, былтыр бастау алған Дауыров көшесіне жөндеу жұмыстары биыл соңына жететін болады, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Жиынға қатысушылар осындай ауқымды жұмыстар атқарылып, ауылға жанашырлық танытып жүрген азаматтарға, аудан әкімдігіне Сортөбе ауылының тұрғыны Фатима Паншарова аналық алғысын жеткізді. Жалпы жиын барысында ауыл тұрғындары суармалы су, тұрғын үй және өзге де ауыл жайына байланысты сұрақтарды көтеріп, аудан басшысы тарапынан тұшымды жауаптар алды. Мәселен, кездесуге қатысқан облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов ауылға жас мамандарды тарту, оларға жайлы жағдай жасау қажеттігін айта келе, электр бағаналарының ескіргені, жарықтың жиі сөнуі жайын алға тартты.

— Электр бағаналары туралы сұрақ алдында да қойылған болатын, ол бойынша ЖЭС қызметкерлеріне айтылады. Жақында аурухананың қосымша ғимараты аяқталады, бұл жерге жас мамандар қажет болатыны анық. Бұл мәселені де қарастырамыз. Ал, суармалы су жайына келер болсақ, аудандағы үш ірі су қоймаларды кеңейту бойынша күрделі жұмыстар жасалады. Соның бірі іргеде тұрған «Қарақоңыз» су қоймасы, — деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, аудан басшысы кездесу барысында этносаралық келісімді нығайту, медициналық сақтандыру бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін айтып, бірқатар жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.