Көшпелі қазақ қоғамының билер соты тарих қойнауында қалса да, оның беделі мен мәртебесі бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып отыр. Билер ұрпақ жадында тәуелсіз, кәсіби және дана ретінде сақталып, қазақ халқының тарихына терең із қалдырғаны белгілі. Өңірімізде беделді, өмірлік тәжірибесі бар, кесімді шешім айтатын ардагерлер қазір сол билер салған сара жолдың лайықты жалғасы болуда.
Билердің ауылдағы дау-дамайды әділ шешіп, араздасқандарды бітімге келтіріп, дауларды соттан тыс шешу, қоғамда тұрақтылықты сақтау, ұлттық сананы жаңғырту мәселесі де осы бір ақсақалдардың қолында. Билер туралы кеңес құрылғанына көп болмаса да қазіргі таңда әр ауылдағы билер жұмысы жақсы жолға қойылған.
Төрелік, ара ағайындық айту мәдениетінің қайта түлеуі талай отбасын сақтап қалуға сеп болғанын ерекше атап кеткен жөн болар. Ал, билер жұмысы одан әрі жандансын десек оларға да аздаған жағдай жасау қажет. Ол дегеніміз ең алдымен жұмыс кабинетінің болуы. Осындай жағымды іс жақында Қызылсай ауылында орын алды.
Ауыл биі, ұзақ жылдар бойы ауылдық ақсақалдар кеңесін басқарған, аудандық басылымға мақалалар жазып, селолық тілші атанған Рақымбай Молдашұлына ауыл мектебі ішінен жеке кабинет берілді. Кабинеттің ашылуына аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауылдық округ әкімшілігі мен жергілікті ардагерлер ұйымы мен мектеп ұжымы, оқушылар қатысты.
Кабинеттің қызыл лентасын қимас бұрын аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Дүкенбай Сегізбаев, Қордай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қордай ауданының Құрметті азаматы Әбдібек Сейілханов, Ауқатты ауылдық округінің әкімі Бірлік Манкеевтер ақжарма тілектерін айтып, бидің жұмысына сәттілік тіледі. Ал мектеп оқушылары болса қарияның әр жылдары жазған өлең-жырларынан шашу шашты. Ауқатты ауылдық және Қызылсай ауылдық ардагерлері ұйымы атынан шағын сыйлықтар да ұсынылды.
Бақытбек Мүслімов бастаған ауылдық ардагерлер ұйымының және Ораз Жандосов атындағы Қызылсай ауылдық мектебі ұжымының тікелей сеп боуымен ашылған кабинет көз тартады. Онда Рақымбай ақсақалдың түрлі марапаттарымен қатар, жұмыс барысында қажет ететін заттары мұқият қойылған. Ардагердің жеке архивін де осы жерден табуға болады. Ауыл биіне тұрғындарды қабылдауға да барлық жағдай жасалған. Тіпті, компьютерге дейін беріліпті. Ендігі жерде, өз ортасында зор беделге ие, аузы дуалы, халықтық салт-дәстүрді жете білетін, кикілжіңді шешуде тәжірибесі бар, өмірлік тәжірибесі мол Рақымбай Молдашұлы осы кабинетте жерлестерімен етене жұмыс жүргізетін болады.
Кабинеттің мектеп ішінен ашылғанын жақсы ырымға санағандар да болды. Өйткені, ауыл қариясының жүріс-тұрысы, келбеті, сөзі мектеп балаларының тәрбиесіне үлкен әсер ететіні анық.
Осыдан кейін дастархан басында бас қосқан қауым отбасы сабақтастығы, отбасылық құндылық, қоғам мен заң, болашақ ұрпақ тәрбиесі төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салып, танымды әңгіме тиегін ағытты.
Жандос Омаров