АУЫЛ КӨРКЕЙСЕ – ЕЛ ӨРКЕНДЕЙДІ

0

«Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың қарашасында бекіткен «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алған болатын. Халықтың ауылда еңбек етіп тұрақтауына, сондай-ақ жұмыссыздар санының азайып, тұрғындар табысының артуына зор серпін берген бұл бағдарлама ауылшаруашылығы саласының дамуына өз үлесін қосып келеді.

Қордай ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасы 5 ауылда жүзеге асуда. Қазіргі таңда Кенен, Қарасу, Қаракемер, Сарыбұлақ және Қақпатас ауылының тұрғындары аталмыш жобаның игілігін көруде. Қордай ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сәйкес, 2023-2024 жылдары Кенен ауылдық округінде екінші бағыт бойынша (мал шаруашылығы) 75 адам 349 млн. теңгеге келісімшартқа отырып, несиелерін толығымен алған. Төртінші бағыт бойынша «Кенен — Береке» ӨК қажетті жабдықтармен қамтамасыздандыру үшін 53.8 млн. теңгеге 9 бірлік әртүрлі техникаға қол жеткізген. Бесінші бағыт бойынша (өз кәсібін ашу) құс шаруашылығына 4 адам 34,4 млн. теңге несие алып, іске асырылды.

Қарасу ауылдық округінде екінші бағыт бойынша 61 адам 403 млн. теңге несиелерін алды. Төртінші бағыт бойынша «Береке Өтеген» ӨК қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыздандыру үшін 38,5 млн. теңгеге 5 бірлік әртүрлі техника сатып алынды. Қаракемер ауылдық округінде екінші бағыт бойынша 144 адам 912 млн. теңге несиелерін алса, жобаның төртінші бағыты бойынша «Қаракемер Агро-2023» ӨК 38 млн. теңгеге 2 бірлік ауылшаруашылығы техникасын алыпты. Сарыбұлақ ауылдық округінде екінші бағыт бойынша 48 адам 285,6 млн. теңгене қаржыландырылған. Сонымен қатар, Қақпатас ауылдық округінде екінші бағыт бойынша 46 адам 235 млн. теңгеге несиелерін алған. Аудан бойынша жалпы игерілген несие қаражаты 2 352,6 млн. теңгені құрап, 382 адам қамтылды.

Айта кететін жайт, «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, проблемаларын жедел шешуге мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындары төмен пайыздық мөлшерлемемен өз бизнесін дамытуға жеңілдетілген несие ала алады. Берілетін несие пайызының аздығы, әрі ауылдық жердегі үйді кепілге қоюға болатыны, кез-келген жұмыссыз ауыл тұрғынының қатыса алатыны жобаның басты артықшылығы болып табылады. Аталған жоба ең алдымен ауылдық жердегі халықтың табысын арттыру бағытына көзделген. Өңдеу саласына қатысты жобаларды қаржыландыру (жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы), өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту және басқа да бизнес жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Микрокредиттер 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейінгі соманы құрайды.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.